Ескі үйлер сүріледі

Алматы облысында тұрғын үй қорын жаңарту жұмысы кезең-кезеңімен жүріп жатыр. Биыл бұл бағдарламаға 7 үй енгізілді. Оның төртеуі Қонаев қаласында болса, үшеуі Өтеген батыр кентінде орналасқан. 56 пәтерді қамтитын бұл үйлер түгел тозды. Ал тұрғындарды жаңа баспанамен қамту мәселесі қалай шешілмек? Бүгінде бұл үйлерде әлі де халық тұрып жатыр. Дегенмен көп ұзамай оларға қоныс аударуға тура келеді. Себебі өткен ғасыр ортасында салынған бұл ғимараттар апатты деп танылып, тозу көрсеткіші 100 пайызға жеткен. Тұрғындар мұнда бұған дейін тіпті өрт шығып, жақын маңдағы ағаштар құлап, қауіпті жағдайлардың орын алғанын айтады. Енді ескі нысандар сүріліп, бұл аумақта жаңа үйлер бой көтереді.

- Мына ескі үйлер біреулер от бірдеңе тастап кетсе бітті лап ете қалады. Сіріңке сияқты жанып кететін үй ғой.

- Жаңбыр жауғанда кейде былтырғы жылдары біздің төбемізден су ақты, күйеуім бар, екі қызым бар, отбасымызбен тұрып жатырмыз ғой. Өзі жасады. Сондай-сондай кемшіліктері бар.

Биыл Қонаевтағы Инвентарный көшесінде орналасқан төрт үй реновация бағдарламасына ілікті. Ескі ғимараттардың орнына заманауи жаңа баспаналар салынбақ. Тұрғындар үшін басты мәселе - бұрынғы пәтер ауданының кішіреймеуі. Бағдарлама шарты бойынша оларға бұрынғы баспанасымен бірдей көлемдегі әрі жайлы жаңа пәтерлер берілуі тиіс.

МАДИНА СЕЙІТОВА 
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ТҮКШ ЖӘНЕ АБАТТАНДЫРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ
«Бұл үйлер апатты деп бекітілген соң, тұрғындарға бөлмесіне сай жайлы баспана беріледі. Егер мұнда бір бөлмелі пәтер болса, сүрілгеннен кейін дәл сол жерге салынатын жаңа үйден пәтер беріледі. Сонымен қатар олар үшін үйлер сатып алынып, баспанамен қамтамасыз етіледі.»

Жаңа үй салынып біткенше, тұрғындарға уақытша жалдамалы пәтердің ақысы төленеді немесе арнайы көшіру қорынан баспана ұсынылады. Жалпы, ауқымды бағдарлама бірнеше жылға есептелген. Алдағы уақытта Қонаевтағы Инвентарный және Соболев көшелеріндегі ескі үйлер де кезең-кезеңімен сүріліп, тұрғындар жаңа пәтерге көшіріледі. Ал Өтеген батыр ауылындағы үш үй биылдың өзінде бұл тізімге енді. Жалпы Алматы облысында 2026–2029 жылдар аралығында 247 пәтері бар 22 үйді жаңарту жоспарланып отыр. Ең бастысы - бұл жұмыстар тек барлық тұрғындардың жазбаша келісімі болған жағдайда ғана басталады.

Сондай-ақ оқыңыз: