Уәде қашан орындалады?
Қонаев қаласындағы «Арна» шағын ауданының тұрғындары биылғы қысты да суық үйлерде өткіземіз бе деп алаңдайды. Осыдан екі ай бұрын шенеуніктер қыркүйек айында көгілдір отын беріледі деп уәде еткен. Алайда белгіленген мерзім өтіп, газ әлі қосылған жоқ. Осыған байланысты тұрғындар әкімдік өкілдерін жиынға шақырып, өз талаптарын ашық жеткізді. Қала тұрғындарының айтуынша, бұл мәселе көтерілгелі талай уақыт өтті, бірақ нәтиже шамалы. Қыркүйек аяталып қалса да жұмыс қарқыны байқалмайды. Тұрғындар жылдағыдай газ баллондарын қолданып, көмір жағып, күн көруге мәжбүр боламыз ба деп алаңдайды. Халықтың айтуынша, газ құбыры уақытылы жүргізілмегендіктен, күн сайын уайым көбейіп келеді.
ҚАЛЖАН ДӘРІБАЕВ
«АРНА» ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
«Бізге газды уәде бергеніне 5 жыл болды. Алдыңғы әкімдер де уәде беріп кеткен. Енді мына әкімдер өткенде уәде беріп, осы қыркүйек айында қосамыз деген газды талап қыламыз. Халық жиналып тұр, бәріміз жиналып тұрмыз. Бізге қосып берсін газды.»
НҰРЖАН КҮДЕРІНОВ
«АРНА» ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
«Әкім өзі осы 2-3 күнде ақшасы төленеді деді, мердігерге. И осы келесі аптадан жалғасады деді жұмыстар. 15 декабрь крайний срок, бәрі қосылып тұрады деді, газ бәрі жіберіледі деді, айтылды. 10 күннен кейін тағы келем деді өзі, бәрін тексеремін басталды ма, жоқ па, сосын тағы бір кездесеміз деп келістік.»
Ал қала басшылығы мәселенің бақылауда екенін айтып, инфрақұрылым жұмыстарын қысқа дейін аяқтауға күш салып жатқанын жеткізді. Қаржы мәселесі шешілсе, жұмыс қарқыны артады.
АСХАТ БЕРДІХАНОВ
ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
«Газдандыру мәселесі бәрімізге күрделі. Алдымызда қыс келе жатыр, қысқа дайындық, тұрғындарымызға жеткіздік. Келісімшарт бойынша жылдың аяғына дейін «Мердігер» энергетика басқармасымен бірілесіп, жылдың аяғына дейін газдандыру мәселесін осы шағын ауданда толық бітіреді. Қолданысқа беріледі»
ФАРХАД ӨНДІРІСХАН
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ СУМЕН ЖАБДЫҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
«Қазіргі таңда жұмыс тоқтаған жоқ, жұмыс жүргізіліп жатыр. Қаражат мәселесіне келетін болсақ, қаражат мәселесі бұйырса шешілді. Оларға толығымен төленеді қаражаты. Жобаның негізгі мерзімі осы жылдың соңына дейін. Сонымен қатар осы жылдың соңына дейін жұмысты созбай, күннің қатты сууына байланысты бүкіл газды осы инженерлік желіге беруге талаптанып жатырмыз»
Қалай болғанда да, тұрғындар бұл жолы тек құрғақ уәде емес, нақты нәтиже күтеді. Жауапты мамандар жұмысты қысқа мерзімде аяқтаймыз деп сендіргенімен, халық әкімдіктің бұл уәдесі қағаз жүзінде қалып қоймай, алдағы жылыту маусымына дейін орындалуын талап етті.