36 жыл күткен қуаныш
Республика күні қарсаңында Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылында көптен күткен мәдениет үйі пайдалануға берілді. Нысанның ашылуына Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов қатысты.
ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ӘКІМІ
«Қарғалы - Жамбыл ауданындағы халық саны жағынан Ұзынағаштан кейінгі ең ірі ауылдық округ. Тарихы терең, тірлігі берекелі, еңбекқор халқымен танылған іргелі елдімекен. Осындай үлкен ауылдың заманауи руханият ошағына деген сұранысы да жоғары екені белгілі. Жаңа мәдениет үйі осы қажеттілікті өтеуге бағытталған маңызды нысан.»
Мәдениет үйінің құрылысына бас аяғы 1 миллиард 492 мың теңге жұмсалды. Жоба аясында он бір адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
АҚЖАН АНАПИЯ
ТІЛШІ
«Қарғалы ауылының мәдени өмірінің тыныс-тіршілігі енді осы 350 орындық үлкен залда көрініс табатын болады. Ауыл тұрғындары бұл айтулы күнді 36 жыл бойы күтті.»
Су жаңа мәдениет ошағында ел дамуына үлес қосқан бірқатар азаматқа мемлекеттік награда табысталды. Екі қабатты мәдениет үйі заман талабына сай жабдықталған. Мұнда 50 орындық кіші мәжіліс залында енді түрлі кітап талданса, алты үйірме залында ауылдың өнерлі жастары бабын сынайды. Жаңа нысанда ән, фортепиано, домбыра сынды түрлі үйірме бар.
ЕРСЕЙІТ БОРАНБАЕВ
МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
«Би үйірмесі бар. Бұл жерде енді спорт жағынан тхэквандо, каратэ деген сияқты сондай үйірмелеріміз де бар. Бұның бәрі енді өнер. Бұл енді өнер азаматтарына да жақсы болды. Қарғалы ауылының тұрғындарына ада өте жақсы болды. Бар әртістерімізбен халықтың алдында өнер көрсетеміз. Халық үшін қызмет жасаймыз. Қарғалы ауылының төрінде тамаша концертттерімізбен бөлісеміз. Өйткені бізде өнер мектебі де бар. Өнер мектебінің кішкентай бұлдіршіндері де армандады. Үлкен сахнада өнер көрсетсек деген арман болатын.
«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында мәдениет ошағының кітапханасы он бес мың кітаппен толықты. Сондай-ақ оқырманға арналған кітап клубы да ашылған.
ИСМАИЛЖАН ИМИНОВ
ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ
«Қарғалыдағы ескі мәдениет үйі 1990 жылы жұмысын тоқтатқан. Жаңа ғимараттың құрылысы басталғанымен, тоқсаныншы жылдардың тоқырауы оған тұсау салды. Содан бері ауыл 36 жыл бойы мәдениет үйінсіз қалды. Биыл көптен күткен арман орындалып, жаңа мәдениет ошағы есігін айқара ашты.»
Ауылдың мәдени іс-шарасы мектеп қабырғасында немесе аудандық мәдениет үйінде өтетін. Енді жаңа өнер ордасында ауыл жастары мен өнер сүйер қауым рухани өмірге бет бұрады.