Президент учаскелік қызмет мамандарының жалақысын арттыруды тапсырды

Мемлекет басшысы алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесінде жұмыс істейтін учаскелік қызмет мамандарының жалақысын келер жылдың 1 қаңтарынан бастап үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыруды тапсырды. Бұл шара 77 мыңнан астам маманның табысын өсіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Президент ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеруді міндеттеді. Бұл өзгеріс 1,8 миллион адамның, соның ішінде бюджеттен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкердің табысын арттыруға ықпал етеді, деп хабарлайды Akorda.kz.

«Сондай-ақ біз алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін жаңғырту ісіне ерекше мән береміз. Осы тұрғыдан алғанда, жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттігін кеңейтіп, бұл жүйені қаржыландыру көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту маңызды. Үкіметке келер жылдың 1 қаңтарынан бастап осы бағытта жұмыс істейтін учаскелік қызмет мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыруды тапсырамын. Бұл 77 мыңнан астам маманның табысын өсіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар біз жалақының ең төменгі мөлшерін кезең-кезеңімен көбейте береміз. Мен Үкіметке ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырамын. Осы міндет келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асырылуға тиіс. Бұл 1,8 миллион адамның, соның ішінде бюджеттен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкердің табысын арттыруға ықпал етеді», – деді Президент.

Сондай-ақ оқыңыз: