Қазақстан мен Үндістан: медицинадағы жаңа мүмкіндіктер!

Қазақстан мен Үндістан медицина саласындағы әріптестікті нығайтып жатыр. Алматыда өткен халықаралық форумда мамандар жаңа амбулаториялық орталықтың ашылғанын хабарлады. Енді бұл орталықта онкология, жүрек, бауыр мен бүйрек дерттері және де өзге де күрделі ауруларға шалдыққан пациенттер емделе алады. Жалпы, екі ел 2011 жылдан бері фармацевтика, клиникалық медицина, ғылым мен білім, сондай-ақ цифрлық денсаулық сақтау бағыттары бойынша тығыз жұмыс істеп келеді. Жиында тараптар осы ынтымақтастықты одан әрі дамыту жайын сөз етті.

ПРАШАНТ МЕХТА
LILAVATI HOSPITAL & RESEARCH CENTRE КЛИНИКАСЫНЫҢ ПӘРМЕНДІ ҚАМҚОРШЫСЫ (ҮНДІСТАН)
- Біз үшін Парсы шығанағындағы араб елдерінде ауруханалар ашу және Қазақстан нарығына шығу басты басымдық болды. Қазақстанды ТМД арасында халықаралық жоспарларымызды жүзеге асыратын алғашқы елдердің бірі ретінде қарастырдық. Осылайша, біз бұл елге аяқ басқан алғашқы үндістандық медициналық ұйымдардың бірі атандық.

Бірлескен жобалардың бірі - Мумбайдың танымал «Lilavati Hospital» клиникасы өкілдігінің ашылуы. Енді бұл орталыққа еліміздің кез келген өңірінен келген азаматтар жүгіне алады.

ТАРА ЧАНД НЕХРА
АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ӨКІЛДІК ДИРЕКТОРЫ 
- Біз, әсіресе, онкология, кардиология, педиатрия, сондай-ақ бауыр мен бүйрек ауруларын емдеуге ерекше көңіл бөлеміз. Арнайы амбулаториялық тексерудің арқасында дертті ерте бастан анықтап, ары қарай қандай ем керектігін белгілейміз. Қажет болса, Үндістанның ең үздік клиникаларына барып емделуге де көмектесеміз. Бұл пациенттердің жауапсыз делдалдарға ұрынып қалмауына мүмкіндік береді.

Болашақта екі ел арасындағы әріптестік кадр даярлау, заманауи технологияларды енгізу және ортақ медициналық бастамаларды көбейту бағытында жалғасады.

Сондай-ақ оқыңыз: