Қазақстан мен Қырғызстан: ынтымақтастықтың жаңа кезеңі
Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда-экономикалық және өңіраралық байланыстарды дамыту мәселелері Бішкекте өткен екінші ынтымақтастық форумында талқыланды. Жиынға екі елдің үкімет басшылары, өңір әкімдері мен кәсіпкерлер жиналды. Алматы облысының атынан аймақ әкімі Шыңғыс Әрінов қатысты. Форумда өнеркәсіп, көлік-логистика, экспорт және туризм саласындағы әріптестік мәселелері көтерілді. Әсіресе, Алматы облысы мен Ыстықкөл өңірі арасындағы туристік байланысты кеңейтуге назар аударылды. Былтыр Қазақстан мен Қырғызстанның өзара сауда көлемі 2,4 миллиард долларға жетіп, 33 пайызға артқан. Алдағы мақсат – бұл көрсеткішті 3 миллиард долларға жеткізу. Форум аясында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған келісімдерге қол қою жоспарланған.