Теміртау жаңа келбетке ие болуда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды. Бұл жолғы сапардың басты бағыты – металлургия мен көмір өндірісінің орталығы Теміртау қаласы.
Президент өңірдің жаңадан салынған және жөндеуден өткен нысандарын аралап, Qarmet жұмысымен танысты. 2026 жылдың қорытындысы бойынша өндіріс орнында 4 миллион тонна болат, 3,6 миллион тонна көмір және 3,9 миллион тонна темір рудасы концентратын өндіру жоспарланған. Еліміздегі ең ірі тау-кен-металлургиялық компаниясында қазір шамамен 35 мың адам еңбек етіп отыр. Оның 14 мыңнан астамы Теміртаудағы металлургия комбинатында жұмыс істейді. Сонымен қатар, мемлекет басшысы металлургтер қаласындағы трамвай қатынасын қалпына келтірудің маңызын ерекше атап өтті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
"Тұрғындардың трамвай қатынасын қалпына келтіру туралы талабын орындағаныңыз дұрыс болыпты. Комбинатқа алғаш келгеніңізде Теміртау қаласын абаттандырумен міндетті түрде айналысу қажет деп айтқан едім. Өйткені қала күтім көрмей, тозып кетті. Әлі де атқарылатын жұмыс көп, дегенмен бастамасы жақсы. Теміртау тұрғындары табиғи газбен қамтамасыз етілді. Байқауымша, халықтың көңіл-күйі көтеріңкі. Өйткені адамдар айналадағы оң өзгерістерді байқап, алғыстарын білдіруде. Еңбек ұжымының да көңіл-күйі айтарлықтай жақсарғаны байқалады. Ең бастысы, жағымды үдеріс бар. "