Табиғатқа екінші жолбарыс жіберілді
Елімізде жолбарыс популяциясын қалпына келтіру жұмысы жалғасып жатыр. Осы мақсатта «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи қорығы аумағына Амур жолбарысының аталығы жіберілді. Аты да тұқымына сәйкестендіріп Амур қойылған екен. Ол - елімізде табиғи ортаға қайта жерсініп, еркіндікке шыққан екінші жолбарыс. Бұған дейін жыртқыш аң ұзақ уақыт ветеринариялық тексеруден өтіп, аңшылық дағдылары мен өздігінен қорек табу қабілеті сыналған. Мамандар оның табиғи ортада тіршілік етуге дайын екенін айтып отыр. Жолбарыстың жүріс-тұрысын бақылау үшін мойнына GPS-ы бар қарғыбау тағылды. Бұған дейін осы резерват аумағына Үміт есімді аналық жолбарыс та жіберілгенін айта кетейік. Ол жаңа ортаға біртіндеп бейімделіп, өздігінен аң аулай бастаған.