САЙЛАУҒА ҚАТЫСАТЫН САЯСИ ПАРТИЯЛАР МЕН КАНДИДАТТАРҒА АРНАЛҒАН АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА

«Qonaev TV» телерадиокомпаниясы» ЖШС- нің Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының 2026 жылғы сайлауы аясында саяси партиялар мен кандидаттардың сайлауалды үгіт материалдарын «Qonaev Media» телеарнасының эфирінде және qonaevtv.kz интернет-ресурсында орналастыру үшін эфир уақытын беруінің жалпы шарттары (Сайлау күні - 2026 жылғы 29 қараша).

«Qonaev TV» телерадиокомпаниясы» ЖШС - «Qonaev Media» телевизиялық арнасының (бұдан әрі - Телеарна) және qonaevtv.kz интернет-ресурсының (бұдан әрі - Интернет-ресурс) меншік иесі, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына сәйкес саяси партиялар мен мәслихат депутаттығына кандидаттардың сайлауалды үгіт материалдарын (бұдан әрі - Үгіт материалдары) Телеарнада және Интернет-ресурста орналастырудың төлем мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы хабарлайды.

1. Эфир уақытын беру және Интернет-ресурста орналастыру тәртібі

Телеарнадағы эфир уақыты және Интернет-ресурста материалдарды орналастыру Телеарна мен мәслихат депутаттарының сайлауына қатысатын, партиялық тізімдері тіркелген саяси партиялар (бұдан әрі - Саяси партиялар), мәслихат депутаттығына тіркелген кандидаттар (бұдан әрі - Кандидаттар) немесе олардың тиісті өкілеттіктері бар өкілдері арасында жасалатын жазбаша шарт негізінде беріледі. Саяси партиялар мен Кандидаттардың Үгіт материалдарын Телеарна эфирінде және Интернет-ресурста орналастыру кезектілігі жазбаша өтініштердің түсу тәртібімен, ал өтініштер бір мезгілде түскен жағдайда - жеребе өткізу арқылы белгіленеді. Жеребе өткізудің тәртібі мен шарттарын «Qonaev TV» телерадиокомпаниясы» ЖШС айқындайды. Егер жазбаша өтініш түскен сәтте сұратылып отырған уақыт бұрын өтініш білдірген басқа Саяси партияға немесе Кандидатқа берілген болса не техникалық мүмкіндіктерге байланысты берілуі мүмкін болмаса, Телеарна өзінің техникалық мүмкіндіктерін ескере отырып, Үгіт материалдарын орналастыру үшін басқа уақытты ұсынады. Үгіт материалдары «Qonaev Media» телеарнасына эфирге шығуының болжамды күнінен кемінде 3 (үш) күнтізбелік күн бұрын, ал Интернет-ресурста орналастырылатын күнінен кемінде 1 (бір) күнтізбелік күн бұрын ұсынылуға тиіс. Үгіт материалдарын орналастыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген сайлауалды үгіт кезеңінде ғана жүзеге асырылады.

2. Материалдарға қойылатын техникалық талаптар

Телеэфирге арналған материалдар: Бейнеформат: MPEG2 кодегі, Chroma 4:2:2, битрейт 50 Мбит/сек, секундына 25 кадр, ажыратымдылығы 1920x1080, тарату түрі interlaced, өріс құрылымының реті – жоғарғы өріс бірінші (top field first), кадр арақатынасы 16:9. Дыбыс форматы: PCM, WAV, 24 бит, 48 kHz, деңгейі -12 дБ. Материалдың соңғы нұсқасындағы дыбыс бірінші стереоарнаның сол жақ жолына жинақталуы тиіс. Бірдей оң жақ жолды (псевдостерео) пайдалануға жол беріледі. Бейне мен дыбыс HD форматы үшін MXF OP-1a контейнерінде болуы тиіс. Материалдар сыртқы тасымалдағыштар (қатқыл диск, флеш-карта) арқылы немесе электрондық сақтау қоймасына сілтеме беру жолымен тапсырылады.

Интернет-ресурсқа арналған материалдар:

Баннерлердің өлшемі -1920x624 пиксель (PNG форматы, көлемі 2,5 МБ-тан аспайды). Мәтіндік мақалалар - бос орындарды есептемегенде 2 000 таңбаға дейін (3 фотосуретке дейін), лонгридтер - бос орындарды есептемегенде 10 000 таңбаға дейін (15 фотосуретке дейін). Мақалаларға арналған фотосуреттердің ажыратымдылығы кемінде 1200x768 пиксель болуы тиіс (PNG немесе JPG/JPEG форматы, көлемі 2 МБ-тан аспайды).

3. Қосымша ұсынылатын құжаттар

Бейнематериалдармен қатар эфир уақытын беру туралы шартқа қол қоюға уәкілетті тұлға қол қойған Үгіт материалының мазмұнын құрайтын мәтіннің транскрипциясы, Үгіт материалдарында бейнесі пайдаланылған тұлғалардың жазбаша келісімдері, ал олар қайтыс болған жағдайда - мұрагерлерінің жазбаша келісімдері ұсынылады. Үгіт материалдарында кәмелетке толмаған балалардың бейнесі пайдаланылған жағдайда олардың ата-аналарының, қамқоршыларының немесе қорғаншыларының жазбаша келісімдері ұсынылуға тиіс. Үгіт материалдарында қаржыландыру көздері туралы, яғни материалдың тиісті Саяси партияның немесе Кандидаттың сайлау қорының қаражатынан төленгені туралы дыбыстық немесе көрнекі ақпарат болуы тиіс.

4. Саяси партиялар мен кандидаттардың жауапкершілігі

Үгіт материалдарын ұсынған Саяси партиялар мен Кандидаттар олардың мазмұнының Қазақстан Республикасы заңнамасының, оның ішінде авторлық және сабақтас құқықтар саласындағы талаптарға сәйкестігі үшін дербес жауапты болады. Осы ақпараттық хабарламада көрсетілген шарттар мен тәртіп бұзылған жағдайда, сондай-ақ тиісті шарттың талаптары орындалмаған кезде Үгіт материалдарын эфирде және/немесе Интернет-ресурста орналастыру жүргізілмейді немесе бұзушылықтар жойылғанға дейін тоқтатыла тұрады.

5. Үгіт материалдарын орналастырудан бас тарту негіздері

Телеарна Үгіт материалдарында конституциялық құрылысты күштеп өзгерту, республиканың тұтастығын бұзу, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіру, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық алауыздықты қоздыру, қатыгездік пен зорлық-зомбылық культін насихаттау, сондай-ақ заңнамада көзделмеген әскерилендірілген құрылымдар құру идеялары қамтылған жағдайда оларды орналастырудан бас тартады. Телеарна Үгіт материалдарында басқа Саяси партиялардың, Кандидаттардың және олардың өкілдерінің ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіруі мүмкін ақпарат болған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларды орналастырудан бас тарту құқығына ие. Осы ақпараттық хабарламада көрсетілген орналастыру шарттары мен тәртібі Қазақстан Республикасының уәкілетті органдарының талаптарына сәйкес түзетілуі мүмкін.

«Qonaev Media» телеарнасының эфирінде орналастыру

Қызметтің атауы

Құны

Ескертпе

Бейнеролик, 60 секундқа дейін

60 000 теңге (18:00-00:00)

1 минутына

Телеарнаның qonaevtv.kz интернет-ресурсында орналастыру

 

Қызметтің атауы

Құны

Орналастыру мерзімі

Сайтқа мақала жариялау (бос орындарды есептемегенде 2 000 таңбаға дейін)

150 000 теңге

1 тәулік

Мақаланы басқа тілде қайталап жариялау

60 000 теңге

-

Лонгрид (10 000 таңбаға дейін, 15 фотосуретке дейін)

250 000 теңге

1 тәулік

Эфирге шыққан жарнамалық-ақпараттық материалдарды сайтта орналастыру

50 000 теңге

1 тәулік

Эфирде орналастыру құнына Телеарнаны таратудың барлық қолжетімді орталарында - эфирлік аналогтық, эфирлік цифрлық, спутниктік, сондай-ақ кабельдік операторлар арқылы және Интернет желісінде онлайн трансляциялау арқылы тарату мен қайта тарату кіреді. Телеарнада және Интернет-ресурста Үгіт материалдарын тарату үшін жасалған шарт бойынша төлем Телеарна ұсынған төлем шотының негізінде шот қойылған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Жазбаша өтініштер Телеарна тарапынан 2026 жылғы 2 қарашадан бастап 2026 жылғы 27 қарашаны қоса алғанда, демалыс және мереке күндерінен басқа, жергілікті уақыт бойынша сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін (сағат 13:00-ден 14:00-ге дейін үзіліспен) мына мекенжай бойынша қабылданады: Алматы қаласы, Достық даңғылы, 210Б, 2-қабат. Байланыс телефоны: +7 747 110 34 89. Жазбаша өтініштер факсимильдік және интернет байланысы арқылы қабылданбайды

Сондай-ақ оқыңыз: