Руханият ордасы

Озық ойлы ұлт болудың төте жолы  кітап оқу. Бүгінде облыста 145 кітапхана жұмыс істейді. Жыл өткен сайын олардың қатары мен сапасы  артып келеді. Ұлттық кітап күнінің ерекше қадірленуі де содан. Бүгінде кітапхана білім мен мәдениеттің, парасат пен пайымның ордасы. Дәл осындай рухани орындардың біріне әріптесім Дастан Маратұлы барып қайтты. 


Адамды адам еткен кітап, адамзат еткен кітапхана. Қонаев қалалық кітапханасы 50 жылдан астам уақыт бойы тұрғындарды рухани нәрмен сусындатып келеді. Іргесі 1958 жылы қаланған бұл қара шаңырақ екі жыл бұрын модернизациядан өткен. Бүгінде, бұл өңірдің басты мәдени-интеллектуалды хабы. Жайлы коворкинг аймағы, тегін Wi-Fi, ноутбуктер мен планшеттер оқырмандар игілігіне берілген. Қорда 90 мыңнан астам кітап бар. Қазір мұнда ауқымды цифрландыру жұмыстары жүріп жатыр. Оқырман қабырғадағы QR-кодты телефонына сканерлеп, бір секундта қажетті кітапты жүктеп ала алады. Арнайы скан аппараттардың көмегімен бүкіл қорды сандық форматқа көшіру көзделген. Тіпті, сирек кездесетін тарихи жәдігерлердің де электронды нұсқасы жасалуда.


АЙГҮЛ БЕГІМАЙҚЫЗЫ 
ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНЫҢ ОРТАЛЫҚ КІТАПХАНА ДИРЕКТОРЫ
«Біздің қорымызда 30-ға жуық сирек қорымыз бар. Олардың барлығы электронды нұсқасы жасалып, сақталған. Және оқырмандарға көрсету, таныстыру мақсатында көрмеге қойылған. Олардың ішінде 150 жылдық тарихы бар қазақша-орысша сөздіктер бар, батырлар жыры бар, өзіміздің Абай атамыздың шығармалары бар, Сәбит Мұқановтың шығармалары бар»

Мұнда ондаған ақын-жазушының туындылары таныстырылып, түрлі мәдени іс-шаралар жиі өтеді. Күніне 100-ден астам оқырман келсе, тұрақты тіркелгендер саны 17 мыңнан асады. Әсіресе, жастар белсенді. Қазір Президенттің «Зерделі ұлт» бағдарламасы аясында ауқымды оқу байқауы өтуде. Жазда бастау алған шара күзде қорытындыланып, белсенді оқушыларға ақшалай сыйлықтар берілмек. Сондай-ақ, облыс басшылығының қолдауымен кітапхана қоры 10 миллион теңгеге жаңа әдебиеттермен толықты. Заманауи мүмкіндіктер кішкентай бүлдіршіндердің де шығармашылық қиялына қанат бітіруде.

БАҒЫМ ҚУАНЫШҚЫЗЫ
ОҚУШЫ
«Мен осы кітапты оқып бітіріп, бүгін өзімнің ата-бабамының осы кітапқа байланысты... байланысы бар екенін анамнан біліп, бүгін сол жайлы компьютерден кітап жазғым келіп тұр. Болашақта, жалпы, осы кітабымды бар әлемге паш еткім келеді».

ДАСТАН МАРАТҰЛЫ 
ТІЛШІ 
«Статистика бойынша кітапқұмар елдердің азаматтары аптасына ондаған сағатын осы кітап оқуға арнайды екен. Бұл прогрессивті көште біздің ел де алға ұмтылуда. Ол үшін бізде жаңадан кітапханалар ашылып, ескілері жаңаруда. Өйткені ел дамуы үшін адам білімді болуы керек, адам білімді болу үшін рухани толуы шарт. Ал рухани толу ордасы ол әрине осындай қасиетті кітапхана»

Сондай-ақ оқыңыз: