Қожаның көркем әлемі

Алматыда Қазақ киносы күні мен көрнекті режиссер Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдық мерейтойына орай өнер көрмесі ұйымдастырылды. Артынша келушілерге әйгілі «Менің атым Қожа» фильмі көрсетілді. Ал басты кейіпкердің әдебиеттегі бала бейнесі кітап иллюстрациясында қалай көркемделді? Толығырақ тілшіміз Ақжан Анапияның материалында. Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі 1964 жылы  Мәскеудегі «Детгиз» баспасынан шықты. Көрмеде орысша нұсқадағы кітапта Лидия Багреева салған түпнұсқа суреттер қойылған. Мұнда көрермен алдымен Қожаның кітаптағы бейнесімен танысып, кейін оның экранда қалай бейнеленгенін салыстыра алады.

РАМИНА ДЕМБАЕВА 
КӨРМЕ КУРАТОРЫ
«Менің атым Қожа» кітабының барлық басылымын тауып, әр жылы қалай басылып, жарық көргенін зерттедік. Бірақ 1964 жылы жарық көрген кітаптың орыс тіліндегі түпнұсқасы әзірге бізде жоқ. Ол Псков қаласынан келеді, айдың соңында қолымызға тиеді деп күтіп отырмыз.» 

Ал режиссер Абдолла Қарсақбаев «Қазақфильм» студиясында  «Менің атым Қожа» фильмін түсіріп, экранда көрсетті.Қожа – аңғал әрі тентек кейіпкер. Ол қателеседі, өкінеді, қиялдайды, талпынады. Кейде өз мінезімен арпалысып, жақсы бала болуға ұмтылады. Бұл туынды - қазақ киносының классикасы.  «Менің атым Қожа фильмі» экономикалық жағынан табысты туынды болған. Абдолла Қарсақбаев кірісті санап жатпайтын. «Ол сапаға аса мән берді» - дейді жақындары. 


ТОҚТАР ҚАРСАҚБАЕВ 
РЕЖИССЕР
«Қожаны түсіргенде әкем 36 жаста болыпты. Ол кезде цензура қатты еді. Жас жігіттің Канн кинофестиваліне қатысуы ешкімнің түсіне кірмеген жайт. Бәрі оңай келді деп ойлайды. Алайда СССР кезінде шетелге, Канн фестиваліне қатысу ол кезде өте үлкен іс болатын.»

Бір қызығы, Абдолла Қарсақбаев туындыларының  басым бөлігі  Алматы облысында түсірілген. 

АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ 
«Менің атым Қожа» фильмі Қарасай және Жамбыл аудандарында түсірілген. Кадрларға мұқият қарасаңыз, өзіміздің туған өлкенің табиғатын анық байқауға болады. Ол кезде қазіргі көліктер жоқ, «Газ-69» болатын. Оны біз «Бобик» деп атайтынбыз. Қарсақбаев сол көлікпен келіп, қасында бір топ актері жүретін. Бұл көрініс әлі күнге дейін есімде.»

Абдолла Қарсақбаевтың есімі Қожамен бірге аталып, жаңа буынға  жетті. Режиссердің жүз жылдығына орай фильмдері тегін көрсетіледі. Көрерменімен қайта қауышады..

Сондай-ақ оқыңыз: