Дзюдо жарысы
Қонаевта Қазақстан Республикасының спорт шебері Айдын Торғауытовты еске алуға арналған дзюдодан республикалық турнир өтті. Жарысқа 2010–2011 жылдары туған 150-ден астам жас спортшы қатысты. Екі күнге созылған бәсекеде жас дзюдошылар 17 жүлде жиынтығы үшін бақ сынады. Алматы облысының жас дзюдошыларымен қатар, еліміздің тағы төрт өңірінен келген спортшылар да жарысқа қатысты. Ұлдар 38 келіден бастап, 73 келіден жоғары тоғыз салмақ дәрежесінде белдесті. Ал қыздар арасындағы бәсеке 36 келіден басталып, 63 келіден жоғары сегіз салмақ санаты бойынша өтті.
АСҚАР КӨШЕРБАЕВ
ТУРНИРДІ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ
"Бұл жарыс уже үшінші рет өтіп жатыр. Екі рет областной турнир болды. Үшіншісі республиканский турнир. Официально республиканский календарьға кірді Астанада. Осы жылдан бастап спорт шеберіне үміткер атағын алады. Осы жарыстан орын алғандар бірінші, екінші, үшінші"
Айдын Торғауытов самбо мен дзюдоны туған жері Шеңгелді ауылында бастаған. 13 жасында Алматыдағы спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа оқуға түседі. Қазақстан мен Азия чемпионы атанып, халықаралық жарыстарда да топ жарған. Кейін өзі білім алған спорт мектебіне жаттықтырушы болып оралып, шәкірт тәрбиелеуге кірісті. Бүгінде оның ізін жалғаған шәкірттері ұстазының спорттағы жолын жалғастырып келеді.
ТІЛЕПАЛДЫ ТОРҒАУЫТОВ
АЙДЫН ТОРҒАУЫТОВТЫҢ ӘКЕСІ
"Мына жердегі бүгінгі қатысушы жас балаларым ғой енді, немерелерім. Жақсы спортшы болсын. Менің балам сияқты атақты, жер шарын аралап, елді көріп, жерді көріп, олимпиада чемпиондары болсын"
Жарыс қорытындысы бойынша қыздар арасында Манарбек Аяжан, Мұхтар Кәусар және Шолпанқұл Елдана алтын медаль иеленді. Ал ұлдар арасында Әбдреш Орынбасар, Күмісбек Шыңғыс және Фазылжан Аян жеңімпаз атанды. Татамиге Айдын Торғауытовтың қызы Айым Тілепбалды да шықты. 40 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған жас спортшы күміс жүлдеге ие болып, бұл медалін әкесінің рухына арнады.