Қымызға сұраныс бар
Ұлттық сусын – қымызға сұраныс күн санап артып келеді. Оған ел ішінде ғана емес, шетелде де табиғи сүт өнімдеріне деген қызығушылықтың өсуі себеп. Сарапшылардың болжамынша, 2028 жылға қарай табиғи өнім экспортының көлемі жылына 80 миллион АҚШ долларына жетуі мүмкін. Бұл ретте Алматы облысындағы ұлттық сусын өндірушілердің де үлесі зор. Бие байлап, табиғи өнім өндіріп отырған Іле ауданындағы кәсіпкермен тілшіміз танысып қайтты. Байкент ауылының тұрғыны Асқар Жиенбаев он шақты жылдан бері желі қағып, бие байлап, саумал сауып, қымыз ашытады. Қазір ақ сусынмен дертке дауа, бойға қуат сыйлап, ел алғысын алып жүр. Өзінің мамандығы да тағамтанушы.
АСҚАР ЖИЕНБАЕВ
КӘСІПКЕР
«Мен басында 4 биемен бастадым. Қазір міне 10 жыл болды. қазір қорада 15 тей бие бар. алдағы уақытта жағдайымызға қарай көбейте береміз деген ойдамыз. Мұның сүті көптеген ауруларға ем болып жатыр. Бұл болашағы зор шаруа ғой»
Қымыз бен саумал көп ауруға шипа. Әсіресе жаңа сауылған саумал асқазан ішек жолдары аурулары мен дене әлсіздігіне таптырмас дәрі. Сондай ақ ағзадағы дәрумендерді тез толықтыратын бірегей қасиетке ие. «Сондықтан да мұнда сауылған ақ сусынды ауылдықтар күнделікті сарқып ішіп» - кетеді дейді кәсіпкер.
АСҚАР ЖИЕНБАЕВ
КӘСІПКЕР
«Таңғы 6-дан кешкі 8-ге дейін әр екі сағат сайын сауамыз ғой. Әр уақытта өзінің жазылып қойған адамдары келіп ішіп отырады. Артық кісі келсе жетпей қалады. Сондықтан сұраныс жақсы. Елдер маған қазіргі заманның дәрігері деп қалжыңдап қояды.
Қымыз ішіп, қызара бөртіп, қуат жинап, саумал сіміріп, саулықты сақтағанға не жетсін. Мұнда кісі аяғы сиремейтініне біз де куә болдық.
ӘЙГЕРІМ ӘЛІМҚҰЛОВА
АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ
«Бізде 10–12 жастағы балаларым бар, олар үнемі осы қымыздан ішеді. Ал мына баламызға бүгін бердік мына бөтелкені толықтай бітіріп қойды.»
УАЙС ӘЛІМҚҰЛОВ
АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ
«Менің өзім де язвамен ауырғам. Содан жазылдым. Қазір ешқандай ақау жоқ. Шүкір.
Кәсіпкер бүгінде 15 биеден күн сайын 100 литр шамасында саумал алады. Ал сөйтіп ақ өнімнің биылғы жылдық көлемін 7 тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр.