Өнегелі шаңырақ елге үлгі

Райымбек ауданында Отбасы күніне орай «Тұлға тәрбиелеген отбасы» атты салтанатты шара өтті. Мерекелік жиынға ауданның әр саласында абыройлы еңбек етіп, ұрпақ тәрбиесіне үлгі болып жүрген 8 өнегелі отбасы шақырылды. Іс-шарада жанұя берекесі  мен ата-ана тәрбиесінің маңызы дәріптелді. Өнегелі отбасылар қатарында спортта ел мерейін үстем етіп жүрген чемпиондардың, өнер мен ғылым саласында жетістікке жеткен азаматтардың және түрлі байқауларда топ жарып жүрген дарынды жастардың ата-аналары бар. Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балжан Омарова отбасының қоғамдағы орны мен бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігіне тоқталды.

БАЛЖАН ӘБУҚЫЗЫ
РАЙЫМБЕК АУДАНДЫҚ АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ
“Бізде бүгінгі шараның мақсаты, таныту, осындай адамдардың жанұя тәрибесінен шығып, үлкен дәрежеге жеткен жанұяны таныту болды мақсатымыз. Және отырған оқушылар, жастар үлгі алсын деген мақсатпен осы шара ұйымдастырылды және мақсатына жетті деп ойлаймыз.”

Үлгілі жанұялардың бірі – Ақыновтар отбасы. Ұрпақ тәрбиесін басты орынға қойған өнегелі әулет перзенті – Толғанай Қасымхан. Жас спортшы жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия және Әлем чемпионаттарында жеңімпаз атанып, халықаралық жарыстарда бірнеше мәрте жүлдеге ие болған. Ел намысын қорғап жүрген чемпионды тәрбиелеп отырған отбасы үшін перзентінің жетістігі – үлкен мақтаныш.

ЖАЗИРА НҰРМҰХАНБЕТҚЫЗЫ
КӨПБАЛАЛЫ АНА
“Енді ұрпақ тәрибесіне келетін болсақ, бала тәрбиесінде, “Отан-отбасынан басталады”- дейді ғой, әр отбасында балаға деген мейірім, балаға деген махаббат болу керек. Қолдау білдіру керек әрқашан балаға. Соның арқасында, үлкен кісілердің тәрбиесінің арқасында және балалардың болашаққа деген нық қадамының, нық сенімінің арқасында осындай нәтижеге жетіп отыр" 

Ал баршаға үлгі болған жанұяларға аудан әкімінің орынбасары Ғалым Жусанбаев алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табыстады. Сондай-ақ шараға Алматы облысының қоғамдық қорынан қоғам белсендісі Мадина Сауытбекова демеушілік көрсетті. Мерекелік жиын аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Сондай-ақ оқыңыз: