Сеулде қазақ этноауылы мен ұлттық туристік стенд таныстырылды
2026 жылғы 16 қыркүйекте Оңтүстік Корея астанасы Сеулдегі Ханган саябағында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапары аясында «Қазақстан–Корея мәдени ауылы» атты арнайы мәдени іс-шара өтті. Қазақстанның ұлттық мәдениеті мен туристік әлеуетін таныстыруға бағытталған этноауыл шетелдік қонақтарға еліміздің салт-дәстүрі, табиғаты мен мәдени мұрасын жақынырақ танып-білуге мүмкіндік берді. Іс-шара барысында Қазақстанның туристік мүмкіндіктерін кеңінен таныстыру және ішкі әрі келу туризмін дамыту мақсатында «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Ұлттық туристік стенд ұйымдастырды. Арнайы алаңда еліміздің көрікті жерлері, бірегей туристік бағыттары мен табиғи нысандары таныстырылып, қазақ халқының қонақжай дәстүрі көрсетілді. Сеулдегі Ұлттық туристік стендтің ұйымдастырылуына Eurasian Resources Group (ERG) компаниясы ресми серіктес әрі демеуші ретінде қолдау көрсетті. Оңтүстік Корея бүгінде Қазақстан үшін келу туризмі саласындағы басым бағыттардың біріне айналып келеді. Соңғы үш жылда кореялық туристер саны 43 пайызға өсіп, 35,6 мың адамнан 50,9 мың адамға дейін артқан. Туристік ағынның өсуіне визасыз режим, тікелей әуе қатынасының кеңеюі және екі ел арасындағы ынтымақтастықтың нығаюы ықпал етуде.
«Мұндай халықаралық алаңдар Қазақстанның туристік әлеуетін әлемдік аудиторияға таныстыруға зор мүмкіндік береді. ERG компаниясымен серіктестіктің арқасында еліміздің туристік бағыттарын кеңінен таныстырып, шетелдік қонақтардың қызығушылығын арттыруға мүмкіндік алдық», — деді «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Ғазизов.
Іс-шара қонақтары қазақ халқының тарихы мен салт-дәстүрімен, ұлттық қолөнер бұйымдарымен танысты. Сонымен қатар заманауи цифрлық және мәдени жобалар ұсынылып, Қазақстан мен Оңтүстік Корея өнерпаздарының қатысуымен арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.