Дәстүрлі ән — ұрпаққа аманат!

Алматыда дәстүрлі ән орындаушылардың республикалық Әміре Қашаубаев атындағы байқауы өтті. Биыл байқауға 41 өтінім түсіп, іріктеуден өткен 22 өнерпаз сахнаға шықты. Еліміздің әр өңірінен келген жас әншілер дәстүрлі ән өнерінің сан алуан мектебін таныстырып, орындаушылық шеберлігін көрсетті. Ұлжан Әбілқасымова үшін бұл байқау — әншілік өнерін танытып қана қоймай, туған жері Семейді дәстүрлі ән арқылы дәріптеуге берілген мүмкіндік. Ол бес жасынан ән айта бастаған. Жылдар өте бала күнгі әуестігі өмірлік мұратына айналды. Бүгінде жас әнші ұлттық ән өнерін насихаттап, оның көркемдік ерекшелігін көрерменге жеткізуді мақсат етеді.

ҰЛЖАН ӘБІЛҚАСЫМОВА
ДӘСТҮРЛІ ӘНШІ
- Жалпы өзім Семей қаласында Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училищесінде тәлім алдым. Енді осы байқауға келіп отырған мақсатымыз әрине Әміре атамыздың атын осы халыққа дарыту мақсатында және осы қазақ елінің дәстүрін көрсету мақсатында келіп отырмыз. Жеребе бойынша бірінші болып шықтым, қобалжулар өте көп болды. Бірақ, енді шамамыз келгенше айтып шықтық, жаңа орындап шықтық. 

Биылғы байқауға 20 мен 35 жас аралығындағы 22 орындаушы қатысты. Еліміздің әр өңірінен жиналған өнерпаздар дәстүрлі ән мектептерінің ерекшелігін танытып, кәсіби шеберлігін ортаға салды. Қатысушылардың өнерін білікті қазылар алқасы бағалайды. Оның құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, белгілі әншілер, профессорлар мен шығармашылық оқу орындарының ұстаздары бар.

ЖАҚСЫКЕЛДІ КЕМАЛОВ
ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ
- Ең бірінші ән орындау мәтіні, домбырада өзін қалай сүйемелдеуі, жалпы айтып отырған әннің маңызына, мәніне баруы, сахнаға шығуы, кіруі, үстіндегі киімі деген сияқты ондай критерийлердің бәрі бар. Осының бәрі қаралынады, ескеріледі. Содан кейін барып тұжырым шығады. 

Байқау қазақ ән өнерін әлемге танытуға зор үлес қосқан көрнекті әнші Әміре Қашаубаевтың шығармашылық мұрасына арналған. Дәстүрлі ән орындаушылардың басын қосатын бұл өнер додасы 1980 жылдан бері өткізіліп келеді. Биылғы байқаудың жүлде қоры — 3 миллион теңге. Қатысушылар Біржан сал, Ақан сері, Естай мен Мұхит сынды халық композиторларының шығармаларын орындап, қазақтың дәстүрлі ән өнеріне тән бай мақам мен орындаушылық ерекшеліктерді көрсетті.

Сондай-ақ оқыңыз: