Жамбыл Жабаев туралы жаңа кітаптың тұсаукесері өтті
Жазушы, саяхатшы әрі өлкетанушы Исмаилжан Иминовтың «Айтыс длиною в жизнь» атты жаңа кітабы жарық көрді. Ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойына арналған еңбекте жыр алыбының ғасырға жуық ғұмыр жолы мен шығармашылық мұрасы кеңінен қамтылған. Автор кітапта Жамбылдың өнер жолындағы алғашқы қадамдарынан бастап, халыққа кеңінен танылған кезеңіне дейінгі өмір белестерін баяндайды. Сондай-ақ ақынның ұстазы Сүйінбай Аронұлы, шәкірттері мен замандастары туралы көпшілікке беймәлім деректер бар. Еңбекте Жетісу өңірінің рухани өміріне, Жамбылдың имам Абдықадыр-қари Иминовпен арадағы достығына да ерекше назар аударылған. Кітапқа тарихи құжаттар мен тағылымды тұлғалар туралы очерктер енгізілген. Бұл туынды – ұлы ақынның өмірі мен мұрасын тереңірек танытып, Жетісу өңірінің тарихы мен рухани құндылықтарын дәріптейтін құнды еңбек.
ИСМАИЛЖАН ИМИНОВ - ЖАЗУШЫ
- Мен Жамбыл туралы ақиқатты айтқым келеді. Ол ХХ ғасырда емес, ХІХ ғасырдың 60-жылдарында-ақ елге танылған әйгілі ақын еді. ХХ ғасырдың басында қазақ пен қырғызға ортақ үздік ақын ретінде мойындалды. Ал әлемдік даңқы 1936 жылы асқақтағанымен, халық құрметіне ол сонау ХІХ ғасырдың 90-жылдарында-ақ бөленген.