Сақ мұрасының құпиялары
Алтын адамды зерттеудің заманауи тәсілдері қандай? 7 елдің ғалымдары Алматыда бас қосып, осы мәселені талқыға салды.
Заманауи тәсілге қазір жасанды интеллектіні қосу - зерттеушілер үшін «бас ауруға» айналыпты. Бір ғана мысал: сақ жауынгерінің бейнесін бұрмалап жіберген. «VII Есік оқулары» халықаралық конференциясына жиналған ғалымдар музей ісін дамытудың жолдарын да бірлесіп іздеді. Қазақ даласынан, қорғандардан табылған құнды тарихи жәдігерлерді мұражайларда сақтау, ел назарына ұсыну үлкен шаруаның бір парасы ғана. Бірақ бұл ретте шешімін таппаған мәселе шаш етектен. Соның бірі – қорғандардың тоналуы. Алысқа бармай-ақ, ірі қалалар мен елді-мекендер маңындағы қорымдарда іліп алатын жәдігер қалмады деп қынжылады ғалымдар. Жалпы, биыл «Есік» қорық-музейі мен Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті бірлескен ғылыми жобаны бастаған болатын. Соның алғашқы нәтижелері де дайын.
ҒАЛЫМЖАН БЕКСЕЙІТОВ, АРХЕОЛОГ
- Біз 3 қорғанды қаздық. Оның екеуі кішірек, тоналған болып шықты. Тіпті адам сүйектері де қалмаған. Ал үшінші қорған да кезінде тоналғанына қарамастан, жақсы жәдігерлер берді. Негізінен қоладан жасалған бұйымдар, 33-ке жуық жебе ұшы, сондай-ақ қола мен темірден соғылған жүген бөлшектерін таптық.