Жеңіс жолындағы 100 шақырым

Жамбыл ауданында қазақ киносының жарқын өкілі Абдолла Қарсақбаевтың жүз жылдық мерейтойы жалғасып жатыр. Бұл жолы тойдың көркін аламан бәйге келтірді. Дүбірлі доданың көрігін еліміздің әр өңірінен, тіпті көрші Қырғызстаннан келген 63 сәйгүлік қыздырды. Тек Қаншеңгел мен Қопа ауылы арасындағы 100 шақырымды бәрі бірдей еңсере алған жоқ. 

АҚЖАН АНАПИЯ-ТІЛШІ 
- Қаншеңгелден Қопа ауылына дейін жүз шақырым қашықтық. Халықаралық бәйге үміткерлері осы жолды артқа тастап мәреге асығып келеді. Ал Жамбыл жұрты жүйріктерді тағатсыздана күтуде. 

Қаншеңгелден жарыс жолына шыққан тұлпарлар Қопа ауылындағы мәреге үш сағаттан астам уақытта жетті. Бас жүлде бұл жолы Маңғыстауға кетті. «Бесжүйрік» әйгілі адай тұқымы. Ат иесі Нұрсағын Тұқымбай сәйгүлігін аламан додаға өзі дайындаған екен.

НҰРСАҒЫН ТҰҚЫМБАЙ-БӘЙГЕ ЖЕҢІМПАЗЫ
- Қуанышты дейтін шыны керек, іштегі сезімді айтып жеткізу мүмкін емес. Қуаныштымын осы Қарсақбаев атамыздың жүз жылдығының бәйгесін ұтып тұрғаныма. Өзім осы бәйгені ауылдан ниеттеніп шыққанмын. Бала күннен көзімізді ашқалы ағамның шаруашылығы бар. Сол ағам баптап, атқа мінгізіп үйретті әуелде.

НҰРСҰЛТАН ОМАР-ШАБАНДОЗ
- Алыптардай із қалдыру үшін құмырсқадай еңбек ету керек дейді ғой осы. Нұрсағын ағам еңбектенді. Алланың қалауымен ұтып жатырмыз. Шүкір. Сезіну керек қой шабатын шабандоз атты астындағы. Бірінші рет отыр ма, екінші рет отырма сезініп отыру керек аттың үстінде. Қалай келе жатыр? Жағдайына қарап отыру керек.

Екінші орынды Жетісу облысынан келген «Аққұм» тұлпары алса, үздік үштікті түйіндеген де жетісулық «Жетісал» арғымағы.  

ЕЛДАР ЖАҚЫПБЕКОВ-АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ БӘЙГЕ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ 
- Біздің шабандоздар Қазақстанның қай өңіріне барса да, топтың алдында келіп жатыр. Тіпті мына жақында Қырғызстанда өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Құнан бәйгеде, топ бәйгеде, Аламан бәйгеде де бірінші келген шабандоздардың бәрі Алматы облысының балалары.

Алпыс үш сәйгүлік қатысқан аламанда мәреге тек жеті жүйрік жеткенін айта кетейік. Жетеуі де қомақты ақшалай жүлдеге ие болды. Ал өзгелерден бұрын мәреге жеткен маңғыстаулық тұлпардың иесі ауылына автокөлік мініп қайтты.

Сондай-ақ оқыңыз: