Музейден ғарышқа дейін

Биыл Мұхамеджан Әлімбаевтың туғанына 75 жыл. Мерейтой қарсаңында көрнекті тұлғаның жинаған жәдігерлерінің коллекциялық көрмесі ашылып, екі томдық кітаптың тұсауы кесілді. Жинақта өнертанушының өмір жолы, мақала-сұхбаттары мен көзі тірісінде аяқталмай қалған еңбектері жарияланған. Мұхамеджан Әлімбаев жылдар бойы ел ішінде этнографиялық экспедициялар ұйымдастырып, қолөнер бұйымдарын жинаған өнертанушы. Өнертанушының жеке коллекциясында тоқыма, кесте, жез бен мыстан жасалған ыдыс-аяқтан бастап, зергерлік және ағаш бұйымдардың түрі бар. Олардың арасындағы ХХ ғасырда жасалған тақыр кілемдер мен алашалар қазір бағалы мұраға айналған.

МҰХИТ ӘЛІМБАЕВ-МҰХАМЕДЖАН ӘЛІМБАЕВТЫҢ ҰЛЫ
«Қазіргі заманда бәрін компьютермен сызамыз. Неше түрлі станоктарға апарамыз, заманымызға сай дайындаймыз. Оны сызамыз да, қағазға түсіреміз. Ал ол кезде ондай мүмкіндік болмаған. Ол жерде тек ағаштан жасалған қол станогы мен жіп болған. Жіптің өзін де табиғи гүлдерден бояу алып, түрлі түске бояп тоқыған».

Мұхамеджан Әлімбаевтың жеке коллекциясында мыңнан аса жәдігер сақталған. Солардың бірі – қазақ қолөнер бұйымдарының арасында ғарышқа барып келген алғашқы кілемше. Бұл экспонатты өнертанушының өзі қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровке сыйға тартып, ғарышқа ала баруын өтінген. Қазір қолөнер бұйымы Орталық музейде сақтаулы. 

ЕРКІН НҰРАЗХАН
СУРЕТШІ
«Коллекциямен айналысты. Оның «Қолөнер-молөнер» деген өз ұраны болатын. «Әй, сендердің салып жүрген суреттеріңді дүниежүзінде де салып жатыр. Графикамен көп адам айналысады. Мүсінді де әркім шамасына қарай жасайды. Ал кешегі ата-бабамыздан қалған қолөнер бұйымдары қайталанбайды. Сондықтан осы мұраны сақтап қалуымыз керек», – дейтін. 

Мұхамеджан Әлімбаев 1951 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Алматыдағы Көркемсурет училищесін тәмамдаған өнертанушының өзі де  керемет қолөнер шебері болды. Сонымен қатар, көне заттарды қалпына келтірумен айналысқан. Қазір оның қолынан шыққан 300-ден астам жәдігер музейлерде тұр. 

Сондай-ақ оқыңыз: