Әскерге шақыру науқаны басталды
Елімізде әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр. Президент Жарлығына сәйкес, көктемгі шақыру науқаны 17 наурызда басталып, 30 маусымға дейін жалғасады.
Бұл кезеңде Алматы облысынан 18 бен 27 жас аралығындағы, әскерден босатылмаған 1800-ден астам азаматты қатарға қосу жоспарланып отыр. Биылғы науқанның басты жаңалығы -жұмыстың толықтай электронды жүйеге көшуі. Қорғаныс министрлігі іске қосқан «Smart бөлім» жобасы әскери есепке алуды автоматты түрде жүргізсе, «E-Медтексеріс» жүйесі медициналық тексерудің ашықтығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, мерзімді қызметтегі сарбаздар үшін несиелік демалыстар рәсімделеді. Әскерден кейін жастар ҰБТ нәтижесінсіз-ақ жоғары оқу орындарына мемлекеттік грантпен түсу мүмкіндігіне ие болады. Бұдан бөлек, қызмет барысында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарын тегін меңгеріп шығуға жағдай жасалған.
ДУЛАТ ӘКІШЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ҚОРҒАНЫС ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Әскерге шақыру туралы SMS-хабарлама немесе eGov арқылы келген хабарландыру ресми шақырту болып саналады. Хабарлама алған азамат үш күн ішінде жергілікті әскери басқару органына келуі тиіс. Себепсіз келмегендерге әкімшілік, ал әскерден жалтарғандарға қылмыстық жауапкершілік қарастырылған»