Астанада Өңірлік экологиялық саммит аяқталды

Астанада Өңірлік экологиялық саммит аяқталды. Саммит қорытындысы бойынша  «Өңірлік ынтымақтастық декларациясы» қабылданды. Халықаралық сарапшылар Қазақстанның жаһандық климаттық күн тәртібіндегі рөлін жоғары бағалап, «Таза Қазақстан» бағдарламасын аймақтық дамудың негізгі драйвері ретінде таныды.

Саммиттің басты нәтижесі Орталық Азия елдерінің криосфера саласындағы және мұздықтардың еруіне қарсы бірлескен іс-қимыл жоспары. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, экология тек климат қана емес, бұл қауіпсіз азық-түлік пен таза су мәселесі. Осы мақсатта президенттер деңгейінде су ресурстарын цифрландыру және аймақтық климаттық хаб құру туралы стратегиялық келісімдер бекіді. Сондай ақ БҰҰ өкілдері  Қазақстанның экологиялық трансформациясын жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. 

Саммиттің саяси маңызынан бөлек, оның экономикалық әсері де орасан. Көрме алаңында 15-тен астам елдің делегациясы мен 50-ден астам халықаралық ұйым өкілдері бас қосты. Дәл осы жерде өңірлер арасындағы нақты инвестициялық жобалар мен бизнес-байланыстардың негізі қаланды. Соның ішінде Алматы облысының көрсеткіштері көңіл қуантады. 

Алматы облысы саммит аясында өзінің табиғи әлеуетін ғана емес, эко-туризмді дамытудың жаңа үлгісін де ұсынды. Жиында Жетісудың інжу-маржаны Көлсай мен Шарынды бастапқы қалпында сақтай отырып, туристерді тартудың заманауи тетіктері талқыланды. Сонымен қатар, өңірдің брендіне айналған табиғи өнімдер де шетелдік меймандардың ерекше қызығушылығын тудырды.

ҚУАНЫШБЕК МЕЙРАМБЕКҰЛЫ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Тәжікстан, Өзбекстанның біздің Алматы облысында болмаған туристтары да және осы компаниялармен олар келіссөздер жүргізіп бастады. Осы продукцияларды Алматы облысының продкуцияларын ол елде де шығаруға болатындай қазір келіссөздер жүргізілуде. 

Саммиттің бір ерекшелігі бизнес пен экологияның ұштасуында. Алматы облысынан келген бірнеше компания бұл жиынды оң нәтижемен аяқтады. Бұл жобалардың барлығы табиғатқа зиян келтірмейтін, жасыл технологияларға негізделген.

ВЛАДИМИР МАЛИК
«КАЗРЕЗ» КОМПАНИЯСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Саммит аясында көптеген пайдалы байланыстар орнатылды. Әсіресе, көршілес Өзбекстан тарапынан сұраныс жоғары. Біздің басты артықшылығымыз экологиялық бағыт және ескі шиналарды толықтай қайта өңдеу . Осы бағыттағы жұмысты күшейте отырып, еліміздің басқа да аймақтарымен әріптестікті нығайтуды көздейміз» 

Саммит аясындағы тағы бір жағымды жаңалық Алматы облысы мен Моңғолия арасындағы туристік әріптестік. Енді Баян-Өлгей аймағында Қазақстанның консулдығы ашылады. Ал логистиканы дамыту үшін Астана мен Ұлан-Батыр арасында тікелей әуе рейстері іске қосылып, жаңа автомобиль жолдары салынады. 

ҚУАНЫШБЕК МЕЙРАМБЕКҰЛЫ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«5 ші  немесе 6 шы айда, Моңғолиядан 200 шақты адам келеді. Оның ішінде туроператорлар бар, турагенттер бар, гидтер бар және белсенді блогерлер бар Моңғолияның. Солар келіп Алматы облысының туристтік аймағын қарап және оны өз елінде жарнамалайтын болады. 

БЕКАРЫС БЕРДЕШ
МОҢҒОЛИЯ ТУРИЗМ АССОЦИЯЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ
«Бүгінгі таңда екі ел арасындағы туристтердің саны өте аз. Соны біз көтеру мақсатында іс шаралар қолданатын боламыз, алдымыздағы...болашақта енді осы туризсмді дамытып жоғары деңгейге жеткізуге тырысамыз»

Өңірлік саммит тек декларациялармен ғана емес, нақты істермен аяқталды. Қазақстан аймақтағы экологиялық көшбасшылығын дәлелдесе, Алматы облысы сияқты өңірлер жаһандық жобалардың белсенді қатысушысына айналды. Ендігі кезек осы келісімдердің ел игілігіне жұмыс істеуінде.

Сондай-ақ оқыңыз: