Су айдындарындағы тәртіп бұзушылықтар: Қапшағай су қоймасынан гидроциклдер тәркіленіп, хаттамалар толтырылды
Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасының акваториясында судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ауқымды ведомствоаралық рейд өткізілді.
Рейдке келесі мекемелердің өкілдері қатысты:
- Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы,
- Алматы облысы бойынша Көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары,
- Полиция департаментінің қызметкерлері,
- Қонаев қаласы әкімінің орынбасары,
- Қонаев қалалық прокуратурасының өкілдері.
Рейд барысында:
- ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабына («Су айдындарында қауіпсіздік ережелерін бұзу») сәйкес, құтқару құралдарынсыз шағын кемелерде жүрген азаматтарға қатысты 8 әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл – азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында қабылданған ережелерді тікелей бұзу болып саналады;
- ҚР ӘҚБтК-нің 582-бабына («Кеме қатынасы ережелерін бұзу») сәйкес, борттық нөмірлері мен басқару құжаттары жоқ шағын кемелерге қатысты 9 хаттама толтырылды. Бұл да судағы қауіпсіздікке қауіп төндіреді;
- Жіберілген өрескел құқық бұзушылықтарға байланысты үш шағын кеме (гидроцикл) тәркіленіп, айыппұл тұрағына қойылды.
Демалушыларға су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтау – тек әкімшілік жауапкершіліктен ғана емес, адам өмірін сақтап қалудан да хабар беретіні ескертіледі. Құтқару кеудешелерін кию, қажетті құжаттардың болуы және белгіленген тәртіптерді ұстану – өзіңіздің және айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігінің кепілі.
Суға қатысты қауіпсіздікті сақтау мәдениетін қалыптастыру және бақылауды күшейту мақсатында мұндай рейдтер тұрақты түрде жалғасатын болады.