ҚЫЛМЫСПЕН КҮРЕСТЕГІ СЕРІКТЕСТІК
Іле ауданындағы кинологиялық орталықтың таңы ерте атады. Мұндағы әрбір сәт тынымсыз еңбек пен қатаң тәртіптің көрінісі. 18 маман, 25 қызметтік-іздестіру итімен күнделікті жаттығады. Түрлі пәрмендерді бұлжытпай орындау, із кесу бәрі де кәсіби деңгейде пысықталады. Әсіресе, малинуа тұқымды иттердің ептілігі мен тапқырлығы тәнті етеді. Мәселен, қызметте төрт жылдан бері жүрген Шах есімді ит есірткімен байланысты төрт бірдей қылмыстың ізін суытпай ашуға көмектескен. Ал Лессидің бағыты басқа, бұл бельгиялық овчарка жарылғыш заттарды иісінен бірден ажыратады. Үш жыл ішінде ондаған тексеріске қатысып, төрт қылмыстың ашуға септігі тиген.
ЕРЛАН МҰСАПІРОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ПД КИНОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСТЫҒЫ
Біздің орталықта 25 қызметтік ит бар. Олар жарылғыш заттарды, есірткі құралдарын табудан бөлек, із кесу, қарауыл қызметі және арнайы одорологиялық бағыттар бойынша дайындалады. Қазіргі таңда қызметтік иттердің қылмысты ашудағы үлесі зор. Олар полиция қызметкерінің нағыз сенімді қанаты.
Төрт аяқты достың әрқайсысының өз мінезі, өз ерекшелігі бар. Кинолог үшін бұл жай ғана жұмыс емес, бұл ерекше байланыс. Иттің қас-қабағын ұғыну, оған дұрыс бағыт беру маманның басты міндеті. Арлан Молдыбаев иттерді бала кезден дос санайды. Сондықтан да бұл мамандықты өмірінің бір бөлшегіне айналдырды. Оның бауырындағы Лесси, Буч және Рекс, иесінің бір ғана ым-ишарасынан-ақ бәрін ұғады.
АРЛАН МОЛДЫБАЕВ
ИНСПЕКТОР-КИНОЛОГ
Өзімнің бекітілген қызметтік 3 итім бар. Біреуі есірткі затын іздейді, біреуі қару жарақ, оқ дәрілерді іздейді үшіншісі із кесу бағыты бойынша. Сол әр неге әр направленияға бір сағ, жарты сағаттан направленияға занятия болады. Итпен жұмыс істеу оңай емес, оның үстін тазалауың керексің, оны қарауың керексің. Оны да еркелету керек бала сияқты.
Статистикаға сүйенсек, жыл басынан бері Алматы облысында төрт аяқты сақшылардың көмегімен 172 қылмыс ашылған. Заңсыз айналымнан 42 келіден астам есірткі тәркіленді. Осылайша адам мен иттің ерекше достығы ел тыныштығын күзетудегі айнымас күшке айналды.