Облыс әкімі Әсем Орынбайға көлік табыс етті
Бүгін Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Іле ауданында орналасқан Александр Асанов атындағы ату клубында болды. Аймақ басшысы мұнда стенд атудан өткен рейтингтік әлем кубогында жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінген Әсем Орынбайды арнайы құттықтай келді. Салтанатты шара барысында мерген аруға меценаттар тарапынан тарту етілген жаңа автокөліктің кілті табысталды. Өңір басшысы жиналған жұртшылықты Жеңіс күні мерекесімен құттықтай отырып, Әсемнің бұл жетістігі ел абыройын асқақтатқанын атап өтті. Айта кетейік, жерлесіміз әлем кубогында алтын алып қана қоймай, жаңа рекорд орнатқан болатын. 40-тан астам елдің 300-дей спортшысы бақ сынаған бұл бәсеке Әсем үшін үлкен белес. Себебі, бұл жеңіс оған 2028 жылы АҚШ-та өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алуға мүмкіндік береді. Екі дүркін әлем кубогының иегері атанған мерген қыз алдағы халықаралық аламандарда да жеңісті жолын жалғастыруға ниетті.
ӘСЕМ ОРЫНБАЙ
ӘЛЕМ КУБОГЫНЫҢ ИЕГЕРІ
Мен өте қуаныштымын, қанша күн өтсе де әлі өз өзіме сене алмай отырмын. Міне осындай жақсы үлкен сыйлық жасады. Марат ағаға көп алғыс айтамын. Алматы облысы әкімдігіне көп рахмет айтамын. Әрқашан да қолдап жүреді, әрқашан да біліп жүреді. Жаттығуларымыз жақсы өтіп жатыр ма, жарыс қалай болып жатыр деп. Сол үшін үлкен алғысымды айтамын.