Облыс әкімі орталық алаңда, ардагерді құттықтады

Бүгін Қонаев қаласындағы «Ардагерлер саябағында» Отан үшін от кешкен боздақтардың рухына тағзым етілді. Даңқ мемориалының алдына жиналған қауым бір минуттық үнсіздікпен майдан шебінен оралмаған қаһармандарды еске алды. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев бастаған ресми топ «Мәңгілік алауға» гүл себеттерін қойып, тарихи жадының ешқашан өшпейтінін жеткізді. 

МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Бұл күн -майдангерлеріміздің ерлігі мен отанға деген шексіз сүйіспеншілігінің символы. Отан қорғаушылардың ерлігі ел тарихындағы өшпес тағылым болып қала бермек. Соғыс жылдары елімізден 1 миллион 366 мың жауынгер соғысқа аттанса, оның 120 мыңнан астамы Алматы облысының тумасы болды. Майдан шебінен 47 мыңнан астам боздақтарымыз қайтып оралмады. Қайтпас қайсарлығымен танылған жерлестерімізден 40 жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Бұл -халқымыздың Отан қорғау жолында танытқан ерлігі мен табандылығының айқын дәлелі.

Биыл облыс бойынша 2038 тыл еңбеккеріне құрмет көрсетілді. Соғыс кезінде «бәрі де майдан үшін» деп аянбай еңбек еткен қарттардың еңбегі - бүгінгі бейбіт күннің іргетасы. Өңір басшысы қариялардың шаңырағына арнайы барып, мерекелік сый-сияпаттарын табыстады.

АЛЫМ КЕБИРОВ
СОҒЫС АРДАГЕРІ
9 майда 102 жасқа келдім. Бұл да құдайдың берген жасы. Бұдан кейін жастарға айтатыным, жұмыс істеу керек. Соғыс болмасын, сұм соғысты көрмейік! Барлығы Қазақстанда жақсылық болсын!

Мерекелік думан Бердібек Соқпақбаев атындағы саябақта жалғасты. Әскери-патриоттық әндер шырқалып, өнерпаздар сол кезеңнің қасіреті мен қуанышын бейнелейтін қойылымдар ұсынды. Жастар жағы да қалыс қалмай, патриоттық акциялар ұйымдастырып, тарихи жадыны жаңғыртты. 81 жыл өтсе де, Жеңістің мәні ескірмек емес. Бұл -рухы биік халықтың ортақ мерекесі.

Сондай-ақ оқыңыз: