Диқан еңбегі

Балқаш ауданында көктемгі дала жұмыстары қызған шақ. Таңның атысы, күннің батысы алқап басында жүрген диқандар уақытпен санаспай еңбек етуде.  Шаруалар егіс көлемін ұлғайтып, мол өнім көздейді. Көктемгі науқында жүйелі ұйымдастырғандардың бірі - «Бірлік агрофирмасы». Қуатты техникалар тізбегі егіс алқаптарын тынымсыз кезіп, жер өңдеу мен дән себу жұмыстарын қатар жүргізуде.


Биыл шаруашылық мың гектар жерге бидай, үш жүз гектар алқапқа арпа егіп үлгерді. Көктемгі ылғал мен жердің құнары өнім көлеміне оң әсер етеді. Еңбек ұжымы 500 гектар жерге күріш сеуіп, алқаптарды суға бастырған. Қазіргі таңда тағы 650 гектар жерге дән себу жұмыстары жалғасуда. Қожалық басшысы Алмас Қыстаубаев күріш өсіру үлкен жауапкершілік пен тәжірибені қажет ететінін айтады. 

АЛМАС ҚЫСТАУБАЕВ
«БІРЛІК» АГРОФИРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Екі жыл болды Адматы қаласындағы ауылшаруашылық университетімен сол жердегі ғалымдармен жұмыс істеп жатырмыз. Балшықта өсетін күріш. Ол кісілер әкеп екі жыл болды егіп егіп жатыр» 

 «Енді сәтті болып, өнім жақсы болып, суды аз кекрек ететін күріш дақылы шықса ғалымдар шығарып берсе егіп, көріп жұмыс істеуге дайынбыз» 

Көктемгі дала жұмыстары агротехникалық талаптарға сай жүргізілуде. Жанар-жағармай мен тұқым қоры жеткілікті.Соңғы жылдары шаруашылық  ресейлік «Янтарь» деп аталатын күріш сортын себуде. Жиналған өнім ішікі нарықпен қатар сыртқа да экспортталады. 

АЛМАС ҚЫСТАУБАЕВ 
«БІРЛІК» АГРОФИРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

«Үшінші жыл сол сортты егіп жатырмыз. Бірақ енді оған да қарап тұрмай тағы да күріштерді қарастырып жатырмыз. Биыл жазда жоспарымызда Өзбекстан мемлекетіне барып, Зорезм, Наманган жақта өсетін бір күріш бар екен тез пісетін. 100 күндік керек қой бізге. Сондай күріш дақылы бар деп жатыр. Соны барып көрсек па деп жоспарымызда бар» 

Бірлік ауылы бүгінде еңбек пен берекенің үлгісіне айналып отыр. Шаруа қожалығы ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға да айрықша көңіл бөлуде. Еңбеккерлерге уақытылы жалақы төленіп, қосымша мал азығы мен жем-шөп те үлестіріледі. Әсіресе ауылға келіп еңбек етуге ниетті жастарға жасалатын қолдау көпке  үлгі. Агрофирма басшылығы қоныс аударып келген азаматтарды баспанамен қамтамасыз етіп, тұрмысын тіктеп кетуі үшін екі бас ірі қара беруге дайын. Осындай игі бастамалардың арқасында ауылда тіршілік жанданып келеді.

Сондай-ақ оқыңыз: