Түркі әлемі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызын атап өтті.
Президент жиынға қатысқан ұйымға мүше мемлекеттердің басшыларына ризашылығын білдіріп, Түркістанның түркі әлемі үшін тарихи әрі рухани мәні зор мекен екенін айтты. Тоқаев «Адал азамат», «Таза Қазақстан» сынды бастамалардың негізінде Ясауи ілімі жатқанын атап өтті. Сонымен қатар қазіргі күрделі геосаяси жағдайда түркі мемлекеттерінің ауызбірлігі аса маңызды деді. Саммитте экономика, инвестиция, цифрлық технология және инновация бағытындағы ықпалдастықты күшейту мәселелері көтерілді. Президент жасанды интеллект пен цифрландыру саласында бірлескен жобаларды дамытудың маңызын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымы әскери немесе геосаяси жоба емес екенін айтып, ұйымның басты мақсаты сауда-экономикалық, технологиялық және мәдени-гуманитарлық байланысты нығайту екенін жеткізді.