Құрылыс сапасы сынға ілікті
Алматы облысында пайдаланылмай жатқан жерлер мемлекетке қайтарылады, ал мектеп құрылысындағы олқылықтар үшін мердігерлер жауапқа тартылады. Қонаев қаласында өткен облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында халық қалаулылары бірқатар басқарма басшыларының есебін тыңдап, жұмысын сынға алды.
Сессия жұмысына аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев қатысты. Жиынның алғашқы бөлігі өткен жылғы бюджеттің атқарылуына арналды. Ал, депутаттардың басты назары әлеуметтік салаға ауды. Әсіресе, ауруханалардағы дәрі-дәрмек тапшылығына қатысты сауалдар басты тақырыпқа айналды.
ЕРЖАН СҮЛЕЙМЕНОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«... Денсаулық сақтаудың бұйрығына кірмейтін дәрілерді біз медсенаттар арқылы қазіргі таңда шешімін таптық. Екінші, целиякий бойынша 68 ерекше балалар бар бізде осы ауруға шалдыққан. Сол бойынша облыстық бюджеттен 58 млн қаражат бөлініп, толықтай осы жылды қамтамасыз етіп отыр»
Келесі кезекте құрылыс саласындағы кемшіліктер айтылды. Халық қалаулылары Еңбекшіқазақ ауданындағы жаңа мектептердің сапасына шүйлікті. Ондағы тоқ кабельдерінің ашық-жатуы құрылысы нормаларын өрескел бұзу.
ЖАСҰЛАН ОҢАЛБАЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«... Ол ескертулер барлығын біз білеміз, алдын ала шаралар қолданып, мердігер мекемелерге тиісті жауапкершілікке тартылған болатын. Сонымен қатар, ол олқылықтардың бәрінің орнын жаңадан қайтадан қою міндеттелген. Ол жұмыстар жүргізіліп жатыр»
Бұдан бөлек, сессияда «Шелек» индустриялық аймағын инфрақұрылыммен қамту және елді мекендерді жарықтандыру мәселелері де оң шешімін тапты. Жиын соңында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев депутаттардың ұсыныстары ескерілетінін және әрбір сын бойынша тиісті жұмыс жүргізілетінін атап өтті