Заңсыз саудаға тосқауыл
Заңсыз саудаға жол жоқ! Бүгін іле ауданында кезекті рейдтік іс-шара өтті.
Тәртіп сақшылары мен жергілікті билік өкілдері тексеріс жүргізіп, белгіленбеген орында кәсібін дөңгелеткендерді анықтады. Көше бойын базарға айналдырғандарға қандай шара қолданылды? Толығырақ келесі сюжетте.
Арнайы рейд Ащыбұлақ ауылдық округінде ұйымдастырылды. Алматы іргесінде елді-мекенде көлік қозғалысы өте жоғары. Сондықтан жол қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпке ештеңе кедергі келтірмеуі тиіс. Алайда, оңай олжа тапқысы келген кейбір тұрғындар заңды белден басып, көше жиегін жаулап алған. Мәселен, Ащыбұлақтағы мына екі дүңгіршек қоғамдық жолға, яғни тротуарға шығып кеткен.Иелеріне арнайы хаттама толтырылып, сауда нысандары алынды.
МҰХАМЕДҒАРІП ҚҰРМАНҒАЛИЕВ
ІЛЕ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Біз бірнеше рет заңсыз сауданы тоқтату туралы ескерту жасадық. Бұл стихиялық сауда орны. Сіз санитарлық аймақ талабы мен жол қауіпсіздігін сақтамай отырсыз. Сізде сауда жасауға рұқсат бар ма? Жоқ болса қалайша келісілмеген жерде сауда жасап отырсыз?»
Заң бұзушылық мұнымен біткен жоқ. Тағы бір кәсіпкер өз үйінің шыға берісінен ешқандай рұқсат құжатсыз, заңсыз жеміс-жидек дүкенін ашқан. Жеке аумағынан асып, қоғамдық территрияны иеленіп алған кәсіпкерге бұған дейін 4 рет айыппұл салынған екен. Бірақ ол ескертуге құлақ аспай, заңсыз әрекетін жалғастыра берген. Бұл жолғы шара қатаң болды. Оған хаттама толтырылып, сыртта тұрған барлық тауарлары тәркіленді. Енді ол айыппұлды толық төлегеннен кейін ғана өз тауарын қайтарып ала алады.
МҰХАМЕДҒАРІП ҚҰРМАНҒАЛИЕВ
ІЛЕ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
«8 ауылдық округте және Боралдай кентін өзіміздің кесте бойынша аралап жүрміз. Қазіргі күні 407 хаттама толтырылды, 240000 жоғары айыппұл салынды, 15 осындай заңсыз сауда орындары бойынша...қазіргі күні қасбеттері орнына келтіріліп қазіргі күні жұмыстарын жалғастырып жатыр. 3 материал сотқа жөнелтілді»
Ресми статистикаға сүйенсек, өткен жылы ауданда 38 рейд ұйымдастырылып, 879 хаттама толтырылған. Ол жұмыстар биыл да жалғасуда. Кінәлілерге қатаң ескерту жасалып, ірі көлемде айыппұлдар салынды.