Денсаулық керуені
Алматы облысында «Денсаулық керуені» жолға шықты.
Білікті дәрігерлерден құралған мобильді топ Балқаш ауданына барды. Олар жергілікті тұрғындардың денсаулығын тексеріп, кеңес береді. Бұл мамандар жақында ғана Санкт-Петербургте біліктілік курсынан өтіп, тәжірибе шыңдап қайтты.
Мұнда педиатр, балалар нейрохирургі, неонатолог, хирург пен акушер-гинеколог мамандар тұрғындарды қабылдап жатыр. Енді ауыл халқы дәрігерлерге көріну үшін қалаға сабылмайды. Сонымен қатар мобильді бригада жергілікті әріптестерімен тәжірибе бөлісіп, диагностика мен емдеудің заманауи әдістерін үйретуде.
РАУШАН ӘЗІМҚҰЛОВА
БАЛҚАШ АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
« Осымен екінші жыл қатарынан шетелде, именно атап айтқанда Санк Петербург, Москва және Минск қаласында біліктілігін шыңдаған үздік мамандарды қабылдап жатырмыз. Ауруханамыздың операциялық блогында күрделі оталар жасалып жатыр. Жергілікті дәрігерлерімізге тәжірибе алмасу мектебі мен мастер кластар өтуде»
Мұндағы дәрігерлер тек науқастарды емдеп қана қоймайды. Олар жергілікті әріптестері үшін арнайы оқыту семинарлары мен шеберлік сабақтарын өткізеді.
АЙДОС ОРАЗБАЕВ
ҚАРАСАЙ АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ ХИРУРГІ
«Осы жылғы көктемде облыс тарапынан бізді шетелге Санк Петербург қаласына оқуға жіберген. Оның ішінде хирургия саласындағы малоинвазивті операциялар, лапороскопиялық операциялар барысында 1 айлық курс өтіп келдік. Қазір Бақанас аудандық ауруханасындағы хирургия саласы, соның ішіндегі лапорскопиялық операцияларды тәжірибе ауысу мақсатында осында келіп ота жасалып жатыр»
Жыл басынан бері облыстың 24 дәрігері шетелде біліктілігін арттырды. Балқаш ауданынан кейін мобильді топ Райымбек және Кеген аудандарында жұмысын жалғастырады.