Сыңғырла, соңғы қоңырау!
Сыңғырла соңғы қоңырау. Бүгін Қонаев қаласының түлектері үшін ерекше күн. Бұл балалықтың бал дәуренін артта қалдырып, болашаққа батыл қадам басар сәт. Ал мектеп оқушылары кезекті оқу жылын тәмамдап, жазғы демалысқа аяқ басты. Орта мектеп – гимназияда өткен салтанатты іс-шараға әріптесіміз де куә болып қайтты.
Биыл Алматы облысында мектеп бітіруші түлектер саны 20 мыңнан асты. Өңірдегі білім ордаларымен қоштасқалы отырған жас түлектердің арасында үздік оқушылардың қатары да қалың. 1844 түлек «Алтын белгі» төсбелгісіне, 1680 түлек «Үздік аттестатқа» үміт артып отыр.
МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
"Енді басты міндет үміткерлердің бұл көрсеткішті емтихандар мен ұлттық бірыңғай тестілеуде дәлелдеп шығу. Қымабатты жас түлектер, алда келе жатқан сынақтарды сәтті тапсырып, қалаған мамандықтарыңыздың иесі атануларыңызға тілектеспін. Енді өздеріңе үлкен үміт артамыз. Алдарыңда жаңа өмір белесі, үлкен мүмкіндіктер мен зор жауапкершіліктің кезеңі тұр."
Алматы облысында соңғы жылдары білім саласын дамыту қарқынды жүріп жатыр. Өңірде оқушы санының артуына байланысты мектеп тапшылығын азайту мақсатында 2022-2026 жылдар аралығында өңірде 48 жаңа білім ордасы пайдалануға берілді. Соның ішінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған заманауи нысандар білім сапасын арттыруға тың серпін берді. Биыл облыста 7 800 орындық 9 жаңа мектеп оқушылар игілігіне табысталып отыр. Заманауи талапқа сай бой көтерген білім ордалары бүгінде оқушылардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жол ашып отыр.
НҰРДАНА МҰҚАШ
ЖАС ТҮЛЕК
" Бүгінгі кешіміз өте қызықты өтті. Көптеген тілектер айтылды, билер өткізілді. Қазір ҰБТ-ға дайындығымыз жақсы, дайындалып жатырмыз. Осы, бұйырса, осы екі аптада тапсырамын. Қазіргі таңда мен өзім осы физика-математика бағытымен инженерлік бағытта мамандық таңдап тұрмын. Солар арада осы Алматы облысын көркейтемін деген ойда бар"
РАЙГҮЛ ДЕМЕСІНОВА
МҰҒАЛІМ
"Бүгінгі мектеп бітірушілерге ерекше күн. Қадамдарына нұр жаусын. Жалпы өзім сыныбымда 27 оқушы, оның ішінде үш алтын белгі, екі үздік аттестат белгісі. Барлық оқушыларыма сәттілік тілеймін. Ақ жол! Армандарына жетсін дегім келеді"
Биылғы түлектер үшін соңғы қоңырау бұл тек қоштасу ғана емес, жаңа бастамаларға жол ашатын жарқын кезең. Енді түлектерді алдағы ҰБТ, арман қала, жаңа достар мен биік белестер күтеді.