Мүмкіндіктер ауылы
Райымбек ауданындағы Қарасаз ауылында туризм саласын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасуда. Ағымдағы жылдың 18-19 мамыр күндері “Авалон” тарихи-географиялық қоғамының қызметкерлерімен бірлесіп, Қарасаз және Жамбыл ауылдарындағы туристер тоқтайтын үйлерге мониторинг жұмыстары жүргізілді. Толығырақ тілшіміз тарқатсын.
Мониторинг барысында қонақтарды орналастыру жағдайы, санитарлық талаптардың сақталуы, көрсетілетін қызмет сапасы мен туристерге жасалған қолайлы мүмкіндіктер зерделенді. Мамандар ауылдағы туризмді дамыту бағытындағы жұмыстарға оң бағасын берді. Қазіргі таңда Қарасаз ауылында келушілерге арналған демалыс орындары көбейіп, ауыл тұрғындары туристерді қабылдауға дайын екендерін көрсетіп отыр.
ВИТАЛИЙ ШУПТАР
“АВАЛОН” ТАРИХИ-ГЕОГРАФИЯЛЫҚ ҚОҒАМЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ
«Біз сапа стандарттары болуы үшін жергілікті тұрғындарды оқытып, туристік бағыттарды пысықтаймыз, сондай-ақ Алматы туристік фирмаларымен жұмыс істеуге тырысамыз. Жергілікті тұрғындардың қалаға кетуін тоқтату мақсатында туризмнің тек туристер үшін ғана емес, сонымен қатар жергілікті тұрғындар үшін де пайдалы екенін көрсеткіміз келеді.»
Сонымен қатар ауылда демалушыларға арналған жаңа мүмкіндіктер де қарастырылған. Қарасаз аумағында арнайы балық аулайтын орын ашылып, демалушылар табиғат аясында тынығып, балық аулаумен айналыса алады. Арнайы каналға балық жіберіліп, келушілерге қолайлы жағдай жасалған. Табиғаты көркем мекенге келетін туристер саны жыл сайын артып келеді.
НҰРБОЛАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ
БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫМЕН АЙНАЛЫСЫП ЖАТҚАН КӘСІПКЕР
“Жалпы енді мына балық шаруашылығы ауыл шаруашылығының бір саласы ғой. Осы агротуризмді дамытуда, осы балық өнімдерін тек қана пісіріп бермей, шикідей сатпай, оны ыстап, түтінін шығаруға біраз жоспар құрып отырмыз. Оған құрал-сайманын әкелцуіміз керек. Қазіргі таңда соны жоспарлап отырмыз.”
Мұқағали мекені атанған Қарасаз ауылында туризм бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Туристерге қолайлы жағдай жасау арқылы ауылдың туристік әлеуетін арттыру көзделіп отыр.