Бала күннің бал дәмі! Қуанса бала қуансын!

Халықаралық балаларды қорғау күні Қонаев қаласында да ерекше тойланды. Қала тұрғындары мен қонақтарына арналған мерекелік бағдарлама спорттық жарыстар, ойын-сауық шаралары және мәдени қойылымдарды қамтыды. Жадыраған жаздың алғашқы күнімен қатар келген айтулы мерекеде бүлдіршіндердің көңіл-күйі қалай? Тақырыпты кеңірек тілшіміз толықтырады.  

Мерекелік шара басы орталық алаңда ұйымдастырылған таңғы балалар велошеруімен басталады. Спорттық шараға бес пен он үш жас аралығындағы 400-ге жуық бүлдіршін қатысып бақ сынады. Қауіпсіздік талаптары толық сақталған вело жарыс барысында қатысушылар белгіленген бағыт бойынша жарысып, мәреге жету үшін бар күш-жігерін салды. 


РАХМАН ШАХАРБЕК 
ҚАЛАЛЫҚ ӘКІМ АППАРАТЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Біртіндеп осы велосипедке қызығушылық артып келе жатыр жасөспірім балаларда. Бұл жарыс әлі де жалғасын табатын болды. Алдағы мерекелік мейрам күндерінде осындай іс-шаралар жиі ұйымдастырылатын болады. 


Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, оларға арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды. 


АРНҰР СЕРІКБАЙ
ҚАТЫСУШЫ
Бүгінгі көңіл күйім өте жақсы болып тұр, бірінші болып келдім. Көбіне  әкеме рақмет және анама да. Бірінші сыныптан бері айналысып келе жатырмын мен, көп спортқа қатыстым. Бүгінгі көңіл күйім өте жақсы. Келесі болашақтағы балаларға амандық тілеймін, олар да бірінші орын алсын. 

НҰРЛАН ОРАЗБАЕВ
ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Жастарға айтарым спортпен айналыссын. Олар біздің болашағымыз. Жеңіс тілеймін бәріне. 


Мерекелік бағдарлама ретро көліктер шеруімен жалғасты. Қаланың орталық көшелерімен жүріп өткен ерекше кортеж тұрғындар мен қонақтардың қызығушылығын тудырды. Әртүрлі жылдардағы сирек әрі сақталған ретро автокөліктер қалаға ерекше сән беріп, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады.


МҰРАТ СІРГЕБАЕВ
ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Бүгін ретро-салоннан 12 автокөлік, яғни ашық типтегі арнайы кабриолеттер шығарылды. Бұл дәстүрлі шара жыл сайын ұйымдастырылады. Алдымен сапар мүмкіндігі шектеулі балалар үшін өткізіледі, кейін барлық ниет білдірушілерге қатысуға мүмкіндік беріледі. 

Негізгі іс-шаралар реті Б. Соқпақбаев атындағы орталық саябақта жалғасты. Мұнда балалардың шығармашылық жұмыстарынан көрмелер ұйымдастырылып, үздік қатысушылар марапатталды. Сондай-ақ мерекелік концерттік бағдарлама, қуыршақтар шоуы мен түрлі спорттық сайыстар көпшілік назарына ұсынылады. Ал қалалық мәдениет үйінде кішкентай көрермендерге арналған «Ғажайып ертегі» спектаклі қойылды. 


АБЫЛАЙХАН МҰСТАФА
ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ, ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БӨЛІМІ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІНІҢ БАСШЫСЫ
Осы мерекені балалар күтеді, сол себепті біз балалардың барлық ұжымын, жан-жақты, өздерінің өнерлерін көрсетуі үшін, басқа бір-бірінің өнерін тамашалау үшін, бір-біріне көзайым болуы үшін, қолдау үшін ұйымдастырып жатырмыз. 


Ұйымдастырушылардың айтуынша, мерекелік шараның көзегені – балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, олардың шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытуға қолдау көрсету. 

Сондай-ақ оқыңыз: