Президент экологиялық талаптарды сақтамаған компанияларға қатысты бақылауды күшейтуді тапсырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жер телімдерін пайдаланудың айрықша шарттары әзірленгенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл құқықтық режим Конституциялық заң арқылы бекітілген.

Президент арнайы басқару режимі аясында Кеңестің, Реттеуші комиссияның және қала әкімшілігінің өкілеттіктері нақты айқындалғанын айтып, жауапты органдарды бюрократияға жол бермей, жедел әрі сапалы жұмыс істеуге шақырды.

Мемлекет басшысы ең алдымен шұғыл шешімді қажет ететін мәселелерге назар аудару қажеттігін айтты. Соның ішінде қоқыс полигондарында жиі орын алатын өрт оқиғаларын түбегейлі шешу міндетін жүктеді.

Сондай-ақ Президент бүлінген жерлерді қалпына келтіру жұмыстарын күшейту керектігін атап өтті. Оның мәліметінше, қала маңында 30-ға жуық жер қойнауын пайдаланушы компания жұмыс істейді. Алайда олардың басым бөлігі экологиялық заңнама талаптары мен өнеркәсіптік қауіпсіздік нормаларын толық сақтамайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір компаниялардың қызметі тоқтатылғанына қарамастан, жерді рекультивациялау жұмыстарын жүргізбей отырғанын сынға алды. Президент бұл мәселені шешу жергілікті атқарушы органдардың тікелей міндеті екенін айтып, Үкіметке бақылауды күшейтуді тапсырды.

Сонымен қатар Президент Әкімшілігіне де аталған жұмыстарды үйлестіруге және бақылауға қатысу міндеті жүктелді.

Дереккөз: www.akorda.kz

Сондай-ақ оқыңыз: