Президент Алатауды халықаралық білім мен туризм орталығына айналдыруды тапсырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту мәселелері жөнінде сөйлеп, білікті кадрлармен қамтамасыз ету негізгі басымдықтардың бірі екенін атап өтті.
Президенттің айтуынша, қаланың бас жоспарында қарастырылған «Golden District» ауданы болашақта халықаралық білім және ғылым орталығы ретінде қалыптасуы тиіс. Осы мақсатқа жету үшін заманауи әрі сапалы білім беру ортасын құру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізу қажет.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Green District» ауданын халықаралық деңгейдегі туристік кластерге айналдыру міндетін қойды. Оның пікірінше, қала миллиондаған туристі қабылдауға дайын болуы керек.
Бұл ретте Қапшағай су қоймасы жағалауындағы демалыс аймағының маңызы ерекше. Президент туристік маусымды тек жаз мезгілімен шектемей, жыл бойы жұмыс істейтін инфрақұрылым қалыптастыру қажеттігін айтты. Атап айтқанда, шаңғы тебу, сноуборд, коньки, балық аулау және басқа да демалыс түрлерін дамытуға жағдай жасалуы тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев су қоймасы жағалауындағы ретсіз құрылыстарды тоқтатып, барлық жобаны бекітілген бас жоспарға сәйкес жүзеге асыруды тапсырды.
Сондай-ақ қонақ үйлер, мейрамханалар мен демалыс орындарының сәулеттік келбетіне ерекше назар аудару қажеттігі айтылды. Президенттің пікірінше, нысандардың архитектуралық стилі бірізді әрі тартымды болуы керек.
Мемлекет басшысы заманауи туристік инфрақұрылым өңірдің тұрақты дамуына серпін беріп, туризмнен түсетін табысты аймақтың игілігіне бағыттауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Дереккөз: Ақорда