Алматы агломерациясында SkyTrain желісін дамыту мәселесі пысықталады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласының Алматыға жақын орналасуы өңірдің экономикалық және көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретінін айтты.

Президенттің пікірінше, жаңа қалада ең алдымен кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы орта қалыптастыру қажет. Бұл жаңа өндірістердің ашылуына, жұмыс орындарының көбеюіне және халықтың өңірде тұрақтауына ықпал етеді. Нәтижесінде Алматыға күн сайын қатынайтын тұрғындар саны азаюы мүмкін.

Мемлекет басшысы қазіргі таңда Алматы қаласына облыстан тәулігіне шамамен 400 мың автокөлік кіріп-шығатынын атап өтті. Осыған байланысты Алматы агломерациясындағы көлік байланысын күшейтіп, жоғары жылдамдықты қоғамдық көлік жүйесін дамыту қажеттігін айтты.

Осы мақсатта Президент Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдеріне «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, биылғы 1 тамызға дейін SkyTrain желісін салу мәселесін жан-жақты пысықтауды тапсырды. Жоба бойынша желі қаланың шығыс және батыс бағыттарына дейін созылуы тиіс.

Сонымен қатар Алатау мен Алматы қалаларын байланыстыратын жүрдек қоғамдық көлік жүйесін дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеу қажеттігі айтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Алатау қаласының Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы бойында орналасуы және Қорғас бағытына теміржол желісінің жоспарлануы өңірдің логистикалық әлеуетін едәуір күшейтеді. Бұл өз кезегінде ірі өңірлік кластердің қалыптасуына жол ашады.

Президент сондай-ақ «Almaty SkyHub» мультимодальді логистика орталығының өңір үшін стратегиялық маңызға ие жоба екенін атап өтті. Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі жауапты органдарға инвесторларды белсенді тартып, жоспарланған жобаларды іске асыру үшін қажетті жағдай жасауды тапсырды.

Дереккөз: Ақорда

Сондай-ақ оқыңыз: