Алатауда заманауи жылыжай кешені мен ірі көшет орталығының жұмысы таныстырылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев табиғи әрі пайдалы жасыл дақылдар өсіруге маманданған заманауи GREEN ECO жылыжай кешенінің жұмысымен танысты.
Кәсіпорында өнім өндіру барысында химиялық заттар, тыңайтқыштар мен пестицидтер қолданылмайды. Қазіргі таңда мұнда 160 адам еңбек етеді. Өндірілген өнім Қазақстанның 10 қаласына жеткізіледі.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Лукоморье» бақ орталығының жұмысын көрді. Бұл – автоматтандырылған технологиялардың арқасында жылына 1,5 миллионға дейін ағаш, сәндік бұта және гүл өсіре алатын еліміздегі ең ірі көшет орталығы.
Кәсіпорын өнімдері Қазақстанның ірі қалаларында сұранысқа ие болып қана қоймай, Өзбекстан мен Қырғызстанға да экспортталады.
Сонымен қатар Президентке сәндік өсімдіктерге арналған Turanga питомнигін құру жобасы таныстырылды. Жоба аясында шамамен 130 мың ағаш пен 3,5 миллион бұта өсіру жоспарланып отыр.
Дереккөз: Ақорда