Іле ауданында көптен күткен демалыс орны ашылды
Іле ауданында көптен күткен демалыс орны ашылды. Жаңа нысан Мұхаметжан Түймебаев ауылында бой көтеріп, өңірдің туристік әлеуетін кеңейтіп отыр. Кешен ауданды ғана емес, облыс аумағын қамтыған. Мұнда жүз адам тұрақты жұмысқа орналасты. Заманауи орталық жұмысы жайлы толығырақ тілшіміз айтсын.
Ашылғанына аз уақыт болса да, демалыс орнына келуші саны күн санап артып келеді. Кешен құрылысына үш миллиард теңге инвестиция тартылған. Ал ауқымды бизнеске бір миллиард теңге қаржы құйған – шетелдік инвесторлар.
ӘМІРБЕК ӘКІМБЕКОВ
«POLARIS» ДЕМАЛЫС ОРНЫНЫҢ БАСШЫСЫ
- «Біз Мемлекет басшысының туризм саласын халықаралық деңгейде дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыруға айрықша мән бердік. Мақсатымыз - елімізге саяхаттап келетін шетелдік қонақтар әлемдік стандартқа сай қонақ үй мен заманауи демалыс аймақтарының барына көз жеткізсе дейміз».
Демалыс кешені 500 адамға қызмет көрсете алады. Он мың шаршы метр аумақты алып жатқан нысанда бес үлкен бассейн орналасқан. Балалар мен ересектерге арналған шомылу аймағы бөлек жатыр.
ҰЛДАНАЙ ЕСЕНБЕКОВА
ДЕМАЛУШЫ
«Мен көптен бері осындай демалыс орнын іздеп жүр едім. Маған өте ұнады. Іші тап-таза, әрі тамақтары керемет. Отбасыңмен демалып кетуге керемет».
АЛЕКСАНДР ПАК
ДЕМАЛУШЫ
«Үлкен істің куәсі болдық. Демалыс орны маған ұнады. Қазақстан үшін, елім үшін өте қуаныштымын. Бұл жаңа деңгей».
Кешен іші көз қуантады. Қонақтар үшін жайлының бәрі бар. Ал орталықтың мегаполиске іргелес орналасуы бекер емес. Инфрақұрылымның жүйелі орналасуына жергілікті атқарушы органдар сеп болды.
ӘМІРБЕК ӘКІМБЕКОВ
«POLARIS» ДЕМАЛЫС ОРНЫНЫҢ БАСШЫСЫ
- «Ұйғыр ауданында біз екі жобаны жүзеге асырдық. Соның бірі «Four seasons» демалыс аймағы. Онда 50-ден астам нөмір, сондай-ақ ойын-сауық кешендері, су сырғанақтары, бассейн және СПА қарастырылған. Екінші жоба «Sakura» отбасылық демалыс орталығы. Бұл кешен вилла-ауыл үлгісінде жобаланған, онда 70-тен астам нөмірі бар. Ал 2024 жылы біз «Фазенда» жобасын іске асырдық. Мұнда ыстық су көзі табылып, пилоттық жоба жүзеге асырылды».
Алда ауданда жыл бойы жұмысын тоқтатпайтын ашық және жабық аквапарк салу көзделіп отыр. Сондай-ақ Алматы облысы, Алатау қаласы аумағында Орта Азиядағы ірі демалыс аймағын салу жоспарда.