Белсенді өмір сүру орталығы жұмысы

Райымбек ауданында 2025 жылдың ақпан айынан бастап Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда мұнда 125 қызмет алушы тіркелген. Орталық аға буын өкілдерінің денсаулығын нығайтып, белсенді өмір салтын қалыптастыруға бағытталған. Бүгінде бұл жер қариялардың бос уақытын тиімді өткізіп қана қоймай, жаңа орта тауып, өздерін жан-жақты дамытуына мүмкіндік беретін маңызды мекенге айналған.

Орталықтың тұрақты қатысушыларының бірі – Айсара Бисенқызы. Бір жылдан астам уақыт бойы түрлі сабақтарға қатысып жүрген кейуана бұл орталықтың өміріне тың серпін бергенін айтады. Бұрын буын аурулары мазалап, қозғалысы шектеле бастаған қария бүгінде белсенді өмір салтының арқасында өзін әлдеқайда сергек сезінеді. Қазір ол орталықтағы белсенді қатысушылардың қатарында.

АЙСАРА БЕЙСЕНҚЫЗЫ     АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ
«Біздің осы орталық ашылғанына бір жылдан асты. Сол уақыттан бері қатысып келеміз. Күн сайын уақытылы келіп, жаттығуларымызды жасаймыз. Денсаулығымызға көп пайдасын тигізіп жатыр. Өзімнің буын ауруларым болатын, қазір жағдайым бұрынғыдан әлдеқайда жақсы. Осындай мүмкіндік жасап берген азаматтарға алғысымыз шексіз.»


Маусым айында орталықтың ашылғанына бір жыл толуына орай «Бір жыл – белсенділіктің бастауы» атты мерекелік шара ұйымдастырылды. Кездесу барысында қызмет алушылар бір жыл ішінде қол жеткізген жетістіктерімен бөлісіп, шығармашылық қабілеттерін ортаға салды. Шара қариялардың белсенді өмір салтын насихаттап, көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған ерекше басқосуға айналды.

ЛАУРА ОМАРБАЕВА
БЕЛСЕНДІ ҰЗАҚ ӨМІР СҮРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МЕЙІРБИКЕСІ

«Біздің орталықта оннан астам қызмет түрі көрсетіледі. Оның ішінде цигун, емдік дене шынықтыру, йога, қолөнер, хор, вокал, би, компьютерлік сауаттылық, скандинавиялық жүріс секілді бағыттар бар. Қызмет алушыларымыз сабақтарға тұрақты қатысып, өз денсаулықтарына ерекше көңіл бөледі. Бір жарым жыл ішінде орталық олардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды.»

Бір жыл ішінде орталық көптеген қарияның өміріне оң өзгеріс әкелді. Мұнда олар денсаулықтарын нығайтып қана қоймай, жаңа достар тауып, өз қабілеттерін дамытып келеді. Белсенді өмір салтын таңдаған аға буын өкілдері өмірдің кез келген кезеңінде сергектік пен жігерді сақтауға болатынын дәлелдеп жүр.

Сондай-ақ оқыңыз: