Білім беру жүйесін жаңғырту мәселесі
Алматы облысында білім саласын трансформациялау басталды. Бүгін Қонаев қаласында «1000 көшбасшы» жобасы аясында өңірлік интенсив өтіп, оған кадрлық резервке енген үздік педагогтер қатысты. Басқосуда мектеп менеджментін дамытудың жаңа тетіктері талқыланды. Толығырақ тілші бейнебаянында.
Алқалы басқосуға педагогтер мен мектеп директорлары облыстың әр түпкірінен жиналды. Шара барысында өңірдегі кадрлық резерв түлектерінің басын біріктіретін «100 көшбасшы» кәсіби даму қоғамдастығы құрылды. Оның алғашқы отырысы ашық пікір алмасу және интенсив форматта басталды. Жиынның негізгі мақсаты -білім беру мекемелеріндегі басқару тәжірибесін заман талабына сай жетілдіру.
ГҮЛЖИХАН ИМАНХАТОВА
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ ӘДІСТЕМЕЛІК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Бүгінгі біздің интенсив өткізіп жатқан үлкен шарамыз, негізгі мақсаты-осы «1000 көшбасшы» резерв курсынан өтіп келген мектеп басшыларын біріктіріп, осы мектептің мәдениетін дамыту. Сонымен қатар мына білім сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарын, жұмыстардың деңгейін көтеру болып отыр. Міне, осы мақсатта бүгін интенсив 6 бағытта жұмыс жасайтын болады.
Айта кетейік, соңғы үш жылда Алматы облысынан мыңдаған педагог іріктеуден өтті. Әрі оның ішіне таңдамалы қырық маман Оқу-ағарту министрлігінің кадрлық резервіне енді. Қазірдің өзінде олардың 16-сы мектеп директоры, 5-еуі орынбасар қызметіне тағайындалған. Басқосу барысында қатысушылар басқарудағы тиімді шешімдерін ортаға салып, өзара тәжірибе алмасты.
АБЗАЛ ӘМІРЕНОВ
И.НҮСІПБАЕВ АТЫНДАҒЫ АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ МЕКТЕП ИНТЕРНАТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Бұл жобаның жүріп жатқанына 3 жылдың жүзі болды. Ең бірінші түлектер 2023 жылы курсты тамамдап, резерв қатарына енген. Біз екінші лекпіз, яғни 2024 жылы резерв қатарына енгенбіз. Одан кейін 25-ші жылғы резервшілер де бар. Жалпы алған кезде, республика көлемінде Ел президентінің бастамасымен «1000 көшбасшы» дайындалу жоспарланған. Және ол кісілер әркім өз өңірінде, өз мектептерінде менеджменттегі трансформацияны бастау керек. Басты мақсат -сол бізде.
Жиынға қатысушылар білім беру жүйесінің келешегі туарлы кеңінен талқы өрбітті. Әрі «Болашақ мектебі – 2030» моделін қалыптастыруға қатысты өз ұсыныстарын айтты. Мұндай тәжірибе алмасу шаралары алдағы уақытта да жалғасып, өңірлік білім сапасын арттыруға негіз болмақ.