Тағылымды кездесу
Нарынқол шекара бөлімшесінде әскери қызмет атқарып жүрген жас сарбаздармен тағылымды кездесу болды. Басқосуға аудандық ардагерлер алқасының өкілдері мен аудан басшылары қатысып, жауынгерлерге әскери борышын өтеуде кеңес айтты.
Рамазан Ардақұлы бүгінде Нарынқол шекара бөлімшесінде мерзімді әскери қызметін абыроймен атқаруда. Ол әскери ортаға тез бейімделіп, бөлімше басшылығының сеніміне ие болған сарбаздардың бірі. Табиғаты көркем Райымбек өңірі жас жауынгерге ерекше әсер қалдырған.
РАМАЗАН АРДАҚҰЛЫ
ЖАС САРБАЗ
“Мен осы Нарынқол шекарасы бөлімшесіне келгеніме 2 апта болды.осы жақтың табиғатына, ауа райына тамсанып осы жақта өзімнің отан алдындағы борышымды өткізіп жатқаныма қуаныштымын.“
Кездесу барысында сарбаздарға Райымбек өңірінен шыққан ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылығы таныстырылып, ауданның бай тарихы мен рухани мұрасы жайында кеңінен айтылды. Сонымен қатар Отанға адал қызмет ету, елге деген сүйіспеншілік пен ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңызы сөз болды.
РУСЛАН ҚЫДЫРМОЛДАҰЛЫ
НАРЫНҚОЛ ШЕКАРА БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
“Бүгін жас сарбаздарымыз ардагерлермен тағылымды кездесу өткізді. Ардагерлер өмірлік және қызметтік тәжірибелерімен бөлісіп, жас жауынгерлерге ақ тілектерін жеткізді. Кездесу барысында Райымбек ауданының 90 жылдығына арналған кітаптар мен ауданнан шыққан ақын-жазушылардың шығармалары сарбаздарға сыйға тартылды. Менің осы ауданда қызмет атқарып жүргеніме екі жыл болды. Осындай тәрбиелік мәні зор кездесулер жас сарбаздардың елге деген сүйіспеншілігін арттырып, рухын нығайтады деп сенемін.”
Мұндай кездесулер жас сарбаздардың туған жер тарихын танып-білуіне, елдік рухын нығайтып, патриоттық тәрбиесін қалыптастыруға ықпал етеді. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да әскери бөлімдермен бірлескен тағылымды шаралар жалғасын табатынын атап өтті.