ЦИФРЛЫҚ ДӘУІР ЖӘНЕ РУХАНИ МҰРА

Қоғамның қуаты – білімде. Ал білімнің бастауы – ізденіс пен руханиятта. Бірі жасанды интеллект дәуірінің талаптарына бейімделген жаңа буынды қалыптастырса, енді бірі жарты ғасырдан астам уақыт бойы кітап арқылы ұлттың зияткерлік әлеуетін арттырып келеді. Осы бағыттағы жұмыстармен танысу мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев жұмыс сапарымен Қонаев қаласына келді. Толығырақ келесі бейнематериалда. 


Президент кеңесшісі «Алатау» хабында жастармен кездесті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген Жастар ресурстық орталықтарының мамандары мұнда үш күн бойы білімдерін жетілдіріп, жасанды интеллект мүмкіндіктерін меңгерді. Семинар-тренинг барысында цифрлық технологияларды тиімді пайдалану, жастармен заманауи коммуникация орнату және мемлекеттік жастар саясатының жаңа тәсілдері жан-жақты талқыланды. Кездесуде Мәлік Отарбаев заман талабына сай білім мен технологияны қатар игерудің маңызын атап өтті.


    


НҰРАЙ АЛПЫСБАЕВА       ҚАТЫСУШЫ
Жалпы осы семинар жастар саясаты саласында жүрген мамандар үшін үлкен мүмкіндік. Біз осы оқу семинарында ЖИ құралдары және жастармен коммуникация орнату, әлеуметтік желілермен жұмыс деген сияқты заттарды үйрендік. Жалпы осы үш күндік оқыту тренингінде алған тәжірбиемізді өз ауданымызда жүзеге асыруға, жаңа жобаларды іске асыруға қолданамыз деп сенемін. 


Президент кеңесшісінің жұмыс сапары бұдан әрі рухани орталықтарда жалғасты. Биыл Қонаев қалалық кітапханасына – 55 жыл. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы мыңдаған оқырманның білім көкжиегін кеңейткен рухани ошақтың мерейтойы салтанатты түрде аталып өтті. 1958 жылы негізі қаланған кітапхана осы уақыт ішінде талай буынның буынын қатайтты. Бүгінде мұнда дәстүрлі кітап оқу үрдісі жаңа технологиялармен үйлесім тапқан. Заманауи жабдықталған оқу залдары, шығармашылыққа арналған кеңістіктер мен цифрлық мүмкіндіктер тұрғындардың сапалы білім алуына жағдай жасап отыр.


МӘЛІК ОТАРБАЕВ
ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КЕҢЕСШІСІ
Алматы облысында ең бірінші осы Қонаев қалалық кітапхананың айтқандай барлық ішкі жөндеу жұмыстары, модернизация жұмыстарының барлығы аяқталып, өзге де аудандарға, басқа да қалаларға үлгі болып отырған сондай бір қазіргі күйде жағдайда тұр. Ал бұның барлығы осы кітапханада қызмет етіп отырған кітапханашылардың арқасында. Сол себептен сіздердің осы кітапты сақтау, кітапты оқырманға жеткізу үстіндегі атқарып жатқан жұмыстарыңыз біздер үшін құнды, біздер үшін бағалы. 


Бүгінде бұл мекеме түрлі буын өкілдерін біріктіретін орталыққа айналған. Мұнда әдеби кездесулер, танымдық жобалар мен мәдени шаралар тұрақты ұйымдастырылады. Кітапханаға күн сайын 100-ден астам оқырман келсе, тұрақты тіркелген келушілер саны 17 мыңнан асады. Әсіресе, жастардың кітапқа деген қызығушылығы күн санап артып келеді. Осындай биік деңгейге жетуде кітапхана қызметкерлерінің еңбегі ерекше. Мерейтой аясында кітапхана ісінің өркендеуіне еңбек сіңірген қызметкерлерге құрмет көрсетіліп, бірқатары арнайы марапаттарға ие болды.

ДАРАЖА ЖОЛЫМБЕТОВА
ҚОНАЕВ ҚАЛАЛЫҚ КІТАПХАНАСЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ
Кітапхана қоры – тағылымы терең тарих айғағы. Қазір мұнда 90 мыңнан астам кітап сақтаулы. Оның ішінде ерекше құндылыққа ие 30-ға жуық сирек қор бар. 55 жылдық тарихы бар Қонаев қалалық кітапханасы – өткеннің асыл мұрасын сақтап, болашақтың білім кеңістігін қалыптастырып отырған рухани орталық. Мұнда кітап пен технология үндесіп, оқырманға жаңа мүмкіндіктер жолын ашуда. 

Сондай-ақ оқыңыз: