Мемлекетке қайтарылған активтер есебінен облыста 32 әлеуметтік нысан бой көтерді

Алматы облысында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен 32 әлеуметтік нысанның құрылысы қолға алынды. Бүгінде оның 29-ы толық аяқталған. Кезінде заңсыз кеткен қаражат енді шалғайдағы ауылдарға медициналық пункт,  спорт кешені және өзге де әлеуметтік инфрақұрылым болып қайтуда.

Қайтарылған активтердің басым бөлігі денсаулық сақтау саласына бағытталған. Өңірде 26 медициналық нысан іске қосылды. Жаңадан ашылған фельдшерлік-акушерлік пункттер мен амбулаториялар шалғайдағы ауыл тұрғындары үшін медициналық көмекті қолжетімді етті.

ИРИНА РОДИНА
КӨКТЕРЕК АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Біз бұл ФАП-тың ашылуын ұзақ уақыт күттік. Өйткені ауылымызда медициналық пункт ескі болды. Қазір  ашылған мекеме  жұмысын жақсы жүргізіп жатыр. Дәрігерлер қабылдайды, талдау нәтижелері алынады, қажетті медициналық қызметтер көрсетіледі»

Сонымен қатар Қаскелеңдегі орталық аурухана 4 миллиард теңгеден астам қаражатқа күрделі жөндеуден өтуде. Ал Жалаңаш ауылында 1,1 миллиард теңгеге спорт кешені бой көтереді. Инфрақұрылым да назардан тыс қалған жоқ. Қоянқұс ауылында  кәріз сорғы стансасы жаңғыртылды. Прокуратура бұл жобалардың сапасы мен қаражаттың мақсатты жұмсалуын қатаң бақылауда ұстаймыз дейді.

МАҚСАТ АБИРОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ПРОКУРОРЫНЫҢ АҒА КӨМЕКШІСІ
«Біздің міндетіміз активтерді мемлекетке қайтарумен ғана шектелмейді. Қайтарылған әрбір теңгенің халық игілігіне жұмсалып, өңірдің дамуына қызмет етуін қамтамасыз ету маңызды. Сондықтан прокуратура аталған жобалардың іске асырылуын сүйемелдеп, құрылыс мерзімдерін, жұмыс сапасын және қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылауда»

Өңірде мемлекетке қайтарылған қаражат есебінен атқарылған жобалардың жалпы құны 23 миллиард теңгеге жуықтайды. Заңсыз кеткен қаражаттың халық игілігіне қайтуы өңірдегі әлеуметтік жағдайды жақсартудың нақты қадамы.

Сондай-ақ оқыңыз: