Ауыл медицинасы

Адам денсаулығы – елдің әлеуметтік әл-ауқатының негізгі көрсеткіштерінің бірі. Осы бағытта Ұйғыр ауданында медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі артып келе ме? Медициналық нысандарды жаңғыртып, білікті мамандар тартудағы жұмыс нәтижесі қандай? Аймақтағы әріптесіміз Айдар Қисабаев анықтап көрді. Аудандық орталық аурухана жүйесіне 25 медициналық нысан кіреді. Мұнда 52 мыңнан астам тұрғын медициналық қызмет алады. Ал салада 100 дәрігер, 400 орта және 109 кіші буын медицина қызметкері еңбек етеді.

ӘЛИЯ АҚЖОЛТАЕВА
ҰЙҒЫР АУДАНДЫҚ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ 
«Ұйғыр аудандық орталық ауруханасында қазіргі таңда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 6 нысан салынды, оның 5-еуі бүгінде қолданысқа берілді. Биыл 3 дәрігерге 8,5 миллион теңгеден көтерме жәрдемақы берілді. Резидентурадан кейін фтизиатр, акушер-гинеколог және травматолог мамандары да қызметке келді.

Медициналық ұйымның материалдық-техникалық базасы да кезең-кезеңімен жаңартылуда. Қазір орталық ауруханада компьютерлік томография аппараты жұмыс істейді. Соның арқасында жергілікті халық бірқатар диагностикалық тексерістен осы жерден өтеді. Алдағы уақытта МРТ және басқа да заманауи медициналық жабдықтар алу жоспарланған.Сондай ақ ауданға жыл сайын резидентураны аяқтаған мамандар келіп жатыр. 

СӘНИЯ ТАЛҒАТБЕКҚЫЗЫ 
ДӘРІГЕР 
«Мен Ұйғыр ауданына жергілікті атқарушы органның гранты бойынша келдім. Мемлекет тарапынан үй және көтерме жәрдемақы түрінде қолдау көрсетілді. Қазіргі таңда жалпы тәжірибелік дәрігер және эндокринолог ретінде аудан тұрғындарына медициналық қызмет көрсетіп келемін»

Дегенмен, медицина саласында кадр мәселесі әлі де өзекті. Ауданға нарколог, акушер-гинеколог, рентгенолог және маммолог мамандары қажет. Осы бағыттағы жұмыстың бір тетігі – жас дәрігерлерді әлеуметтік қолдау. Қызметтік тұрғын үй мен жалға берілетін пәтер ұсыну арқылы мамандарды тұрақтандыру шаралары жалғасуда. Жалпы жыл басынан бері ауданның 5 ауылында жаңа емдеу мекемелері ашылып, ел игілігіне берілді. 

Сондай-ақ оқыңыз: