Заңсыз сауда

Іле ауданында жабайы саудаға қарсы рейдтік іс шарасы өтті. Шара аясында аудан әкімдігі мен қоғамдық кеңес сондай ақ құқық қорғау органдары бірлесіп, заңсыз сауда жүргізіп отырған нүктелерге қатаң шара қолданды. Саудагерлердің көше бойында сатып отырған заттарын айып тұрағына жеткізіп, тиісті тәртіпті қатаң сақтауларын ескертті. Арнайы топ әуелі Өтеген батыр ауылы, Жансүгіров көшесіндегі базарға барды. Мұндағы кәсіпкер  құрлыс заттарын күре жол бойына шығарып, жүргіншілердің еркін жүріп тұруына кедергі келтірген. Әрі қоршауды қызыл сызыққа қарай 5 метр шығарып жіберіпті. Сондықтан сыртта тұрған заттары тәркіленіп, айып тұрағына алынды.

МҰХАМЕДҒАРІП ҚҰРМАНҒАЛИЕВ 
ІЛЕ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Біріншіден мына сыртта тұрған заттарды айып тұрағына аламыз. Екіншіден қоршаудың айналасында қауіпсіздік талаптарын сақтаңыздар. Мына жерден адам өтіп бара жатса бір зат басына құласа қайтесіздер. Соттың шешімі шыққан соң мұнда да сүру бойынша жұмыстар жүргізіледі. Сізге осыған дейін уақыт берілді. Бірнеше мәрте қаттама толтырылды. Бірақ сіздер қайталай бересіздер»


Жансүгіров пен Қызылту бағытындағы жол қилысында да заңсыз сауданың қазаны қайнап тұр. Бірі аялдама жанында самса сатып, тауық пісірсе, енді бірі жаймасын қойып жайбарақат отыр. Ал бұл жер мемлекет меншігінде. Ешқайсысының заңды рухсаты жоқ. 


МҰХАМЕДҒАРІП ҚҰРМАНҒАЛИЕВ
ІЛЕ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Заңсыз түрде жұмыс істеп жатыр. Мынау өзінің жері емес. Міне қарасаңыз грил қойып қойған. Ішінде жұмыс істеп жатыр. Шаң тозаң түтін. Ал мына жағы аялдама...»


Сот орындаушылардың айтуынша  «Бұл нүктелерде сауда жасаған азаматтар әкімшілік жауапқа тартылған. Әрі іс 4 ай бұрын сотқа жолданыпты.  Енді сот шешіміне қарай тиісті шара қолданылады. Ал Кенен Әзірбай ауылында да дәл осындай заңсыздық анықталды. Күре жол бойындағы тұрғын үй иесі еш құжатсыз құрылыс дүкенін ашқан. 


ӘСЕЛ КӨШБАЕВА
ӨТЕГЕН БАТЫР АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Бұл бойынша бізде айыппұл салынған. Ескертулер де берілген. Және Алматы облысы ДУЗР-ға  хат жолданған. Ал бұлар қазір құжаттарын рәсімдеу жұмыстарын жүргізіп жатыр»


Аудан аумағында заңсыз жабайы сауда жасайтындар жетерлік. Жауаптылар алдағы уақытта рейдтік шараларды жеделдетіп, мұндай келеңсіздіктерді толықтай ретке келтіреміз деді.  

Сондай-ақ оқыңыз: