Әскери оқу-жаттығу
Ұйғыр ауданында аумақтық қорғаныс батальонының әскери міндеттілерімен өткізілген он күндік тактикалық-арнайы оқу-жаттығу өз мәресіне жетті. 14-23 қыркүйек аралығында өткен жиынға 202 әскери міндетті тартылды. Бүгін оқу-жаттығудың қорытынды кезеңі өтіп, қатысушылар осы уақыт ішінде алған білімдері мен жинаған тәжірибелерін іс жүзінде көрсетті. Жаттығудың негізгі мақсаты – аса маңызды нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жеке құрамның жауынгерлік дайындығын жетілдіру. Оқу барысында әскери міндеттілер аудан аумағындағы бірқатар маңызды нысандарды қорғау алгоритмдерін пысықтап, нақты жағдайға барынша жақындатылған тапсырмаларды орындады.
МӘЛІКЖАН МАСИМОВ
ҚОРҒАНЫС БАТАЛЬОНЫНЫҢ КОМАНДИРІ
“2026 жылдың 14-ші, 23-ші қыркүйек аралығында аудан аумағында аудандық аумақтық қорғаныс батальонының қатысуымен, яғни 202 адам жеке құрамды толық жинай отырып, аса маңызды күзетілуге жататын нысандар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған арнайы тактикалық оқу-жаттығуы өткізілді. Жаттығу барысында жеке құрамның жауынгерлік дайындығы тексеріліп, жүзеге асыруға қажет қойылған міндетті орындау барысы пысықталды.”
Қорытынды кезеңде оқу-жаттығуға қатысқан құрылымдардың өзара іс-қимылына да басымдық берілді. Оқиға орнына жедел медициналық көмек көрсету, алғашқы медициналық шараларды ұйымдастыру, төтенше жағдай кезіндегі өрт сөндіру жұмыстары және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағыттары қамтылды. Осылайша әр саланың міндеті бір сценарий аясында тәжірибелік тұрғыда көрсетілді.
БЕРІК ЕЛІКБАЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ АУМАҚТЫҚ ҚОРҒАНЫС БРИГАДАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Әскери қызметшілер өздеріне тапсырылған міндеттерді толығымен орындады десек те болады. Осы он күнімізде өткізілген іс-шаралардың атап өтетін болсақ, осы маңызды объектілерді аудандағы аралап өттік, оның ішіндегі акиматымыз бар және де басқа да маңызды объектілерімізді, ішінде қалай қорғау керек, тактикалық қорғанысты күшейту керек мақсатында жұмыстар жүргізілді»
Он күндік оқу-жаттығу әскери міндеттілердің тактикалық дайындығын шыңдап қана қоймай, түрлі қызметтердің бірлескен әрекетін пысықтауға мүмкіндік берді. Қорытынды кезеңдегі практикалық тапсырмалар арқылы қатысушылардың үйлесімділігі мен дайындық деңгейі бағаланды. Жаттығу аяқталып, жеке құрам алған тәжірибесін нақты жағдайда көрсету міндетін орындады.