Өңір дамуына тың серпін!
Өңірімізде Республика күніне орай бірнеше ірі инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Райымбек ауданында заманауи емхана ашылса, Кегенде ет өңдейтін жаңа зауыт іске қосылды. Сонымен қатар «Кеген – Нарынқол» тасжолы жөнделіп, пайдалануға берілді. Салтанатты шараларға аймақ басшысы арнайы қатысты. Мерекеге орай халыққа жасалған тартудың бірегейі – көптен күткен, ұзындығы 74 шақырымды құрайтын «Кеген – Нарынқол» автожолы. Қозғалыс ресми түрде ашылған бұл жолды орташа жөндеуге 8,1 миллиард теңге бағытталды. Жол бойындағы 14 аялдама жөнделіп, 78 қиылыс пен кірме жол ретке келтірілді. Күн сайын 1200-ден астам көлік қатынайтын бағыт енді жолаушылар үшін қолайлы бола түсті.
ДАРХАН ИМАНАШЕВ
«ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯСЫ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ
- Соңғы екі жылда «ҚазАвтоЖол» компаниясы Алматы облысының жолдарын дамытуға 32 миллиард теңге бөліп, 400 шақырымнан астам жолды жаңартты. Қазір «Алматы – Қаскелең» трассасын төрт жолақтан сегіз жолаққа дейін кеңейтіп жатырмыз. Ал жыл соңына дейін «Алматы – Талғар» бағытындағы жөндеу жұмыстарын да бастауды жоспарлап отырмыз.
Райымбек ауданында да қуанышты жаңалықтар көп. Нарынқолда аумағы 6 650 шаршы метр болатын жаңа аудандық емхана пайдалануға берілді. Құрылысына бюджеттен 4,1 миллиард теңге бөлінген нысан соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Енді жергілікті тұрғындар алысқа бармай-ақ КТ, УДЗ, маммография және флюорография сияқты диагностикалық тексерулерден өтіп, бейінді мамандардың көмегіне жүгіне алады.
ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
- Ең алдымен, баршаңызды тәуелсіздігіміздің алтын тұғыры – ұлттық мереке Республика күнімен құттықтаймын! Ұлт саулығын жақсарту, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру Мемлекет басшысының басты назарында екенін білесіздер. Бұл ретте, әсіресе шалғай елді мекендерді заманауи медицинамен қамтамасыз етудің маңызы зор. Бүгін азаматтар үшін есігін айқара ашып отырған орталық осы мәселені жүйелі түрде шешуге бағытталған.
РУСЛАН КӨККӨЗОВ
РАЙЫМБЕК АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
- Біз жұмысқа 36-ға жуық дәрігер қабылдадық. Олардың барлығы – жас мамандар. Шалғай ауданда орналасқандықтан, біз үшін жарақаттану, инфаркт сияқты шұғыл жағдайларда сапалы медициналық көмек көрсету аса маңызды. Жаңа емханада қажетті техникалық жабдықтар мен материалдық база толық қамтамасыз етілген. Сондықтан тұрғындар үшін сапалы медициналық қызмет алу мүмкіндігі артты.
Нарынқолда іске қосылған тағы бір маңызды нысан – заманауи ветеринариялық зертхана. Мұнда төрт түліктің аса қауіпті жұқпалы ауруларын уақтылы анықтап, өнім қауіпсіздігін бақылауға барлық жағдай жасалған. Бұл өңірдегі эпизоотиялық тұрақтылықты сақтауға зор септігін тигізеді. Сондай-ақ сапар барысында аймақ басшысы Кеген ауданындағы жаңа кәсіпорынның ашылуына қатысты. Заманауи кешен тәулігіне 10 тонна ет өңдеп, жартылай фабрикаттардың 20 түрін шығарады. Жоба аясында 50-ге жуық жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды.
СВЕТЛАНА КОЗУБАКОВА
«КЕГЕНМЯСПРОМ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ
- Бұл жобаға 2 миллиард теңгеден астам инвестиция құйылды. Бізде ең заманауи жабдықтар орнатылған. Мақсатымыз – Қазақстанды сапалы әрі табиғи өніммен қамтамасыз ету. Өнімдерімізді қазірдің өзінде Алматының ірі сауда желілеріне жеткізіп жатырмыз. Алдағы уақытта өндірісті кеңейтіп, 5 000 басқа арналған жеке бордақылау алаңын ашуды жоспарлап отырмыз.
Облыс әкімінің сапары барысында тағы бір заманауи нысан – сервистік кешен салтанатты түрде ашылды. Ол Көлсай, Қайыңды және Шарынға жол тартқан саяхатшылар үшін қолайлы орын болмақ. Екі гектар аумақты алып жатқан орталықта жанармай бекеті, экспресс-маркет, дәмхана және арнайы демалыс аймағы орналасқан. Нысанның іске қосылуы нәтижесінде 80 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды. Жиында өңір басшысы кәсіпкерлікті қолдау жалғасатынын айтып, алдағы уақытта осындай заманауи инфрақұрылым нысандарының қатары көбейе түсетінін жеткізді.