Алатаудың алғашқы алыбы

Алатау қаласында өңіріміздегі алғашқы көк тіреген Iconic Complex ғимаратының тасы қаланды. Екі мұнарадан тұратын бірегей кешен 2029 жылдың соңына қарай пайдалануға берілмек. 800 миллион доллардан астам инвестиция тартылған жоба болашақта жаңа шаһардың негізгі іскерлік орталығына айналмақ.

Су жаңа қаланың сәулеттік айшығына айналатын Iconic Complex-тің жалпы аумағы 292 мың шаршы метрді құрайды. Ал оның ең биік мұнарасы 272 метрге дейін бой көтереді. Кешен ішінде заманауи офистер, апартаменттер, қонақүй, сауда орталығы мен қоғамдық кеңістіктер орналасады. Мұндай ауқымды нысанның пайда болуы алдағы уақытта қаладағы транспорттық жүктемені арттыруы мүмкін. Сондықтан кептелістің алдын алу үшін жол-көлік инфрақұрылымы да қатар дамымамақ. Жыл соңына дейін бекітілетін Алатауды дамытудың бас жоспарында бұл мәселе толық қарастырылған.

ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ
ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Біріншіден, қоғамдық көлік дамитын болады. Алғашқы кезеңде біз шаттл-бастар ұйымдастырамыз, яғни мұнда жылдамдығы жоғары автобус қатынасы болады. Екінші кезеңде қала Алатау-Алматы бағыты бойынша метромен немесе ЛРТ-мен, яғни жүйрік трамваймен байланысады деп болжануда».

Жобалау кезінде сейсмикалық қауіпсіздікке де ерекше маңыз берілген. Өйткені Алатау қаласы жоғары сейсмикалық аймақта орналасқан. Сондықтан да мұнда американдық және жапондық озық технологиялар қолданылады. Бұл жүйелер ғимараттың ең күшті жер асты дүмпуіне төтеп беруін толық қамтамасыз етеді.

ГАБРИЭЛЕ ПАСКОЛИНИ
ICONIC COMPLEX АРХИТЕКТУРАЛЫҚ ЖОБАСЫНЫҢ АВТОРЫ

«Бұған дейін «Бурдж-Халифа» мен Нью-Йорктегі «Фридом Тауэрді» салған инженерлеріміз осы жобаға да жұмылдырылады. Олардың басты міндеті — жер сілкінісінің әсерін барынша азайту. Ол үшін ғимараттар арасына арнайы тростар тартылып, мұнаралар пирамида пішінінде салынады. Мұндай форма ғимарат салмағын дұрыс бөліп, тербеліс кезінде төзімділікті арттырады».

Жалпы, Алатау қаласының инвестициялық портфелінде қазірдің өзінде 67 жоба бар. Олардың толық құны 7 миллиард долларға жуықтайды. Егер бұл жобалар толық іске асса, болашақта өңірде 55 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Сондай-ақ оқыңыз: