Ветеринария саласы жаңғыртылуда!
Алматы облысында 47 ветеринариялық бекеттің құрылысы жүріп жатыр. Жамбыл ауданы Мыңбаев пен Жамбыл ауылдық округінде ветеринариялық бекеті ел игіліне берілді. Жоба мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ветеринария саласын реформалау туралы міндеттемесіне сәйкес орындалып отыр. Жамбыл ауданы мал басы миллионнан асатын, жайылымы мен егістігі кең елді мекеннің бірі. Ауданда 23 ветеринариялық бекетте 225 маман ауыл шаруашылығын дамытуда қызметте жүр. Бекеттің бірі - Жамбыл ауылдық округінде ашылса, бірі Мыңбаев ауылында бой көтерді. Әр нысан құрылысына 25 миллион теңге қаржы жұмсалған.
БАУЫРЖАН ДӘРІБАЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Енді келесі жылы тағы 47 ветеринариялық пункт пен 26 мал мәйіттік құрылысы жоспарланып отыр. Солар толық соғылған жағдайда барлық ветеринариялық қызметкерлер осы ветеринариялық қызметпен қамтамасыз етіледі. Бұл уақытқа дейін бұл кісілерде ғимарат болмаған еді. Әкімшіліктің бір бөлмелерінде отырған. Бұл жерде енді арнайы ветеринариялық препараттар сақталу керек. Арнайы тоңазытқыш болу керек. Соған сәйкес соғылып жағдай жасалып жатыр.»
АҚЖАН АНАПИЯ
ТІЛШІ
«Төрт түліктен бруцеллез, құтыру, сібір жарасы сынды инфекциялар адамға жұғу қаупі жоғары. Сондықтан аурудың алдын алып, мал саулығын бақылау маңызды. Бұл ретте ветеринария саласына көңіл бөлініп жатыр».
Нысан инфрақұрылымы даладан басталады. Малдан алынған сынама мен дәрі-дәрмектер зертханаға жеткенде, таза аймаққа тікелей жіберілмейді. Олар алдымен арнайы бөлінген лас аймақ арқылы өтеді. Мұндай тәртіп мамандардың қауіпсіздігін сақтап, сынамалардың бөгде заттармен жанасуына және ластануына жол бермейді.
ДАНИЯР БАЛАЕВ
ЖАМБЫЛ АУДАНДЫҚ ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ БӨЛІМНІҢ БАСШЫСЫ
«Мыңбаев ауылдық округінде 8 адам жұмыспен қамтылып отыр. Ветеринариялық пункттің қасында қосымша мал тоғыту, дауалау құрылғысы бар. Сонымен бірге салынып отыр. Интернет желісімен қамтылған. Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқоры қосылған. Соған байланысты заманауи жұмыстар жүргізілуде.»
Жыл соңына дейін Жамбыл ауданында Айдарлы, Аққайнар, Бозой, Беріктас ауылдарында жаңа ветеринариялық нысан пайдалануға беріледі деген жоспар бар.